Билік

Петропавл қаласы әкімінің кезекті есепті кездесуі

 

 

Қала әкімі Заречный, Кирпичный, Былғары зауыты кенттері мен Мүсірепов, Мир, Абай және Пушкин көшелерінің тұрғындарына есеп берді. Былтырғы кездесуде халықтан 19 өтініш түсіпті. Сұраулары толықтай қанағаттандырылды.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Шағымдардың көп бөлігі аулаларды абаттандыру мен көшелерге тазалық орнатуға қатысты болды. Арнайы белгіленбеген 35 қоқыс орны жойылды. Қураған ағаштар шабылды. Шамамен 3 млн теңгеге үш аулаға балалар алаңқайын орнаттық. Бірқатар аулаларды жөнге келтіріп, жинастыру жұмыстарына 8 млн. теңге жұмсалды.  

Тұрғындардың атқарылған шаруаға уәждері жоқ. Биыл да уақыт күттірмейтін мәселелері қордаланып қалыпты. Жиналғандар бұл жолы да бір шешім табылатынына үмітті. Әсіресе жолдардың тозуы баршасының ортақ бас ауруына айналған көрінеді.

Екатерина Важина:
Пионерская көшесіне тас жол төсеуді сұраймыз. Оның бойымен өтетін инженерлік желілер ауыстырылды. Бірақ бұзылған жол қалпына келтірілген жоқ. Осының кесірінен жедел-жәрдем, апаттық қызметтердің біздің мекенжайға жетуі мұң болып тұр.  

Облыс орталығының басшысы үстіміздегі жылы мәселенің шешілетініне уәде етті. Бостандық, 22 мекенжайы тұрғындарының шағымдарын арқалап әкелген Галина Яуфман да коммуналдық қызметтердің жұмысы сын көтермейтінін айтады.

 Галина Яуфман:
-Былтыр «Петропавл жылу желілері» серіктестігі ыстық су таратқыш құбырларды ауыстырды. Магистраль жаңғыртылғанымен жолдың тас-талқаны шықты.  

 Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
-Жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Биыл бар істі тындырғасын жолды қалпына келтіреміз.  

Шуақты көктемнің күні алыс емес. Сондықтан жиналғандарды суағарардың жоқтығы, қардың аршылмауы мазалайды. Көшелерді жарықтандыру да өзекті. Аталмыш ауданның жолаушыларын да бағыттық қоғамдық көліктердің қызметі қанағаттандырмайды екен. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жағдайы да алаңдатушылық тудырады. Көтерілген бар мәселе қала басшылығының назарына алынды.

Жеңіс Ермұқанов