Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысы Самат Ескендіров этно-мәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесті

Қазақстан 130-дан астам ұлттар мен ұлыстарға ортақ мекен бола білді.

Бүгінде олар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Ұлтаралық достық пен дінаралық татулық нық орнаған. Оған Қазақстан халқы ассамблеясының қосқан үлесі зор. Одан солтүстікқазақстандықтар да шет қалып отырған жоқ.

Самат Ескендіров, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

 

 

Еліміздегі Қазақстан халқы ассамблеясы теңдесі жоқ өзіндік бір институт. Оны барша әлем мойындап отыр. Астанада өткізілетін дінбасыларының съезі соған дәлел. Атқарылған жұмыстар аз емес. Оған еліміздегі бейбітшілк, ауызбіршілік пен татулық дәлел. Оны одан әрі дамытуда сіздер мен біздерге жүктелген міндет зор. Сол сенімді ақтауымыз керек.

Жиында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өткен жылы атқарылған жұмыстары қорытындыланды. Тындырылған істер аз емес. Этно-мәдени бірлестіктер бүгінде тек облыс орталығында ғана емес, сонымен қатар аудандарда да қанатын жаюда.

Елена Мезева, облыстық Қазақстан халқы ассмблеясы хатшылығының меңгерушісі:

-Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясына 68 адам мүшелік етеді. Республикалық ассамблеядағы біздің өкілдеріміздің саны 15. Сонымен қатар облыстық ассамблеяда ғылыми-жетекшілік орталығы жұмыс істейді. Журналистер клубы да бар. Оған БАҚ-тан 10 адам тартылған. Бәріміздің көздеген мақсатымыз бір. Ол халықтар арасындағы достыққа өз үлесімізді қосу.

Ассамблея өкілдері өз кезектерінде көкейлеріндегі сауалдарын ортаға салып, өңір басшысынан қордаланған мәселелерді шешуге ат салысуын өтінді.

Кәрібай Мұсырман, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚОФ төрағасы:

Елбасы мемтептерде үш ауысымда оқытуды тоқтату керектігін міндеттеген болатын. Біздегі Ғ.Мүсірепов пен Айыртау аудандарында мұндай мектептер бар. Сонымен қатар білім ошақтары салынатын болса, оны келешегі бар ауылдарға салған дұрыс деп ойлаймын. Осыны ойластырсаңыз.

Жиынды қорытындылаған облыстық ассамблеяның төрағасы, өңір басшысы Самат Ескендіров айтылған талап-тілектер  аяқсыз қалмайтындығын тілге тиек етіп, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істейтіндіктеріне сенім білдірді.

Самат Есмағи