Қоғам

Жиі тұтынылатын өнімдердің қауіпсіздігі

 

 «Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін тауарларды сатып алу және сынау үлгілері» бағдарламасы 2004 жылдан қолға алынған. Былтыр техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті аталған бағдарлама бойынша 60 сауда кәсіпорнын 344 тауар үлгісі негізінде тексеріпті.

Айгүл Құсайынова, техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

Департамент жұмысындағы бағыттарының бірі – тауар өнімдерінің сатылымы барысында техникалық регламенттердің сақталуын қадағалау. Оны біз көтерме, бөлшек саудасы кезінде қаланың базарлары мен сауда орындарын тексереміз. Тауардың сатуға арналған сертификатының болуын, өнім жайлы ақпараттың мемлекеттік және орыс тілінде берілуін, сонымен қатар сапалық құрамын қадағалаймыз.

Мемлекеттік бақылауға негізінен сауда айналымындағы тамақ өнімдері, жеңіл өнеркәсіп, ойыншықтар басты назарға алынады екен. Осындай тексеріс барысы бойынша өткен жылы 10 заңбұзушылық орын алған. Олардың негізі азық-түлік өнімдерінің микробиологиялық құрамының бұзылғандығымен байланысты.

Айгүл Құсайынова, техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
Көбінесе тамақ өнімдерінде талаптар сақталмайды. Мәселен, тексеріс кезінде Ресейден келген ұн микробиологиялық көрсеткіштері бойынша өтпеді. Тез дайындалатын Роллтон вермишелі де осындай талаппен бақылаудан өткізілмеді. Сонымен қатар Қытайда шығарылған 3 ойыншық түрінің құрамында формальдегид бар екендігі анықталды.  

Заңбұзушылықтар бойынша тауар иелеріне 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Жалпы өткен жылы 1млн 160 мың теңгені айыппұл өндірілген.

Әспет Әбдірешова