Қылмыс

Ірі көлемдегі героин тәркіленді

 

 

Күдікті героинді Астанадан Петропавлға алып өтпек болған жерінде ұсталды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі затын тасымалдауға тосқауыл қою үшін, қарағандылықтың ізіне түсіп, оны Астана -Петропавл бағытындағы жолда тоқтатқан. 50 жастағы азаматтың «Kia-Carnival» көлігін тінту барысында 4 келі 870 грамм героин табылған. Ақ ұнтақ 5 полиэтилен пакетіне оралып, машинаның сол жақ фарасына жасырылған екен. Автокөлік жүргізушісінің айтуынша одан белгісіз біреулер есірткіні Петропавлға дейін жеткізіп беруін сұраған.

– Бұл пакеттер Сіздің машинаңызға қайдан келді?

– Өзім  салдым.

Қайдан алдыңыз?

Білмеймін.

Қалай білмейсіз?

– Әкеліп беруімді өтінді…Көшеде кездесті …

Есірткіні алып өтпек болған қарағандылық уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Оның көлігінен табылған ақ ұнтақтың қара базардағы құны 13 млн теңге тұрады дейді тәртіп сақшылары. Бірақ күдікті өз кінәсін мойындамауда. Осы іске қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 259 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Енді, қарағандылық 10-15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тәртіп сақшылары осы оқиғаға қатысы бар деген тағы екі күдіктіні іздестіріп жатыр.

 

Гүлбану Ахметова