Қоғам

Петропавлдағы Мәуліт мерекесі

 

 

Мәуліт – әлем мұсылмандары үшін ерекше мерекелердің бірі. Себебі, бұл уақыт Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген кез деп саналады. Ұлық мереке қазіргі таңда ел көлемінде жыл сайын тұрақты түрде аталып өтеді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі Мұхаммед Пайғамбарға мадақ пен салауат айтуға қызылжарлық мұсылман қауымы көптеп жиылды.

Қасымхан қажы Абдоллаұлы, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
– Бұл жердегі мақсат – пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ды жақсылап танып-білу. Өзіміздің жанымыздан артық жақсы көру, өзіміздің сүйіспеншілігімізді арттыру. Пайғамбарымыз с.ғ.с. хадисінде айтқандай, кім де кім маған бір салауат айтса, Аллаһ Тағала оған он салауат айтады. Он рет күнәсін кешіріп, он рет дәрежесін көтереді деген.

Бұл ізгі шараның негізгі көздегені халыққа, соның ішінде мұсылман қауымына Алла тағаланың соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбар жайында мәлімет беру. Осы орайда жиылған мұсылман қауымның назарына арнайы фильм көрсетілді. Мәуліт кешіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Ресейден де қонақтар келіпті.

 Алтынбек Ұтысханұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің бас маманы:
– Екі дүниенің сардары, пайғамбарлардың падишасы, соңы болған, мөрі болған Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с-ның өмірбаяны Мәуліт кезінде айырықша, егжей-тегжейлі халыққа жеткізіледі. Мәуліт деген сөздің өзі туылған күн дегенді білдіреді.
 Әнуар қажы Жүнісов, РФ Азиялық бөлігі мұсылмандарының мүфтиі:
– Біз шын жүрегімізбен, денсаулық, берекені тілей отыра, қазіргі мына аумалы-төкпелі замандарда жастарымыз жақсылардың ізімен өсіп, ата-анасын сыйлап, білім алсын деген ниетіміз сол. Сондықтан да Мәуліт мүбәрәктарың қайырлы болып, жақсылық әкелсін.

Құрманкүл Есдәулетқызы үш рет қажылық сапарға барып келіпті. Алматы қаласында тұратын ол бүгінгі шараға жолы түсіп келгеніне қуанышты.

 Құрманкүл Есдәулетқызы:
Айналайын жамағат Мәуліт күні құтты болсын. Бұл әрине халқымыз үшін ұлық мереке. Пайғамбарымыздың жолымен жүру сүннетін орындау және халықтың сауатын ашу деген – бұл үлкен нәрсе.

Кеш бойы Мұхаммед Пайғамбарға түрлі мадақтар айтылып, салауат әндер шырқалды.

Әспет Әбдірешова