Билік

Петропавл қаласы әкімінің үшінші есепті кездесуі

 

Бұл  қала әкімі Болат Жұмабековтың 3-ші есептік кездесуі. Ең алдымен облыс орталығының басшысы өткен жылды қорытындылап, қол жеткізген жетістіктерге тоқталып өтті. Атқарылған іс аз емес. Барлық дерлік саладан оң өзгерістер байқалыпты. Осы шағын аудандарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында  11 баспана 206 млн теңгеге жөнделген. 28 заңсыз қоқыс алаңы жойылды. 22 көшеде жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліпті.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Өткен жылы абаттандыру бойынша бірқатар ұсыныстар түсті. Бостандық, Интернационал, Ахременко және Гоголь көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Бензострой поселкісіндегі Батыр Баян, Коммунальная, Радищев, Ухабов көшелерінде, Жұмысшы кентіндегі көшелер және Сапаржай маңы ауданының Сәтбаев, Медведев, Кошуков, «Егемен Қазақстан» газеті көшелеріндегі жолдар тегістелді.

Жәшіктегі хаттарға да кезек келді. Тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелердің бірі – мектепке дейінгі білім беру жайы. Бүгінде 3 мың 700 бала кезекте тұрған көрінеді. Қала әкімі бұл бағытта тиісті шаралар қолға алынып жатқандығын айтты.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Жұмысшы кентінде балабақша ашу үшін жобасметалық құжат әзірлеп жатырмыз. Ол дайын болғанда республикалық бюджеттен қаржы бөлуді сұраймыз. Кәсіпкерлерді балабақша ашуға шақырамын. Бұл ауданда жеке меншік балабақшаны іске қосу жоспарда бар.

Бұл мәселеге қатысты тұрғындар жиын үстінде ұсыныстар да жасады.

 Василий Афанасьев:  
-Темір жол емханасының маңында бұрын балабақша болған еді. Кейін бұл жерге техникалық түгендеу бюросы (БТИ) көшірлді. Осы жерде қайтадан балабақша ашса деген өтінішпен келдім.

Мәселенің өзектілігін айта отырып, қала әкімі сұраққа жауап берді.

 Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Біздің ведомствоның нысаны болса, әрине осылай істер едік. Мұндай мекемелерді қала әкімдігінің қарауына қайтаруға тырысамыз. Депутаттар қол ұшын беріп көмектеседі деген үміттемін.

Жиында жаяу жүргінші белгісіне қатысты сұрақтар да көтерілді.

 Индира Төлемісқызы, Петропавл темір жол колледжінің оқытушысы:
-Автовокзал мен колледждің ортасында жаяу жүргінші белгісі орнатылған. Сол белгіні колледжге қарай жақындатуға бола ма? Өйткені, вокзал маңында көліктер көп.

Қала басшысы бұл мәселе қараусыз қалмайтынын айтты.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Бірден сізге ауыстырамын деп айта алмаймын. Өйткені, оны қоятын мерзімі, қоятын жері бар. Сондықтан, жан-жақтан қарастырайық. Жауабын береміз. Мүмкіншілік болса қоямыз.

Кездесуде білім беру және спорт мәселесі де назардан тыс қалмады. Владимир Щербинин қыс мезгілінде қаламызда спорттық жарыстар аз ұйымдастырылатынын шағымданды.

Владимир Щербинин, спорт ардагері:
Спорт және білім бөлімдеріне спорттық шаралардың жоспарын құрып, оны баспасөзде жариялау керек деген ұсыныс жасағым келеді. Біз, спорт ардагерлері оған көмектесуге әзірміз.

Болат Жұмабеков бұл жағдайды да қарастыруға сөз берді.
Жалпы, өткен жылғы кездесуде аталған аудан тұрғындарынан 44 ұсыныс пен ескерту түскен екен. Оның 43-і орындалыпты.

Айдана Демесінова