Ауыл шаруашылығы

Қыруар қаржыға алынған австриялық сиырлар құртылуы мүмкін

 

 

“Леонов” шаруа қожалығы 300 бас ірі қараны өткен жылдың қыркүйек айында 186 млн теңгеге сатып алған болатын. Сиырлар “Ет экспортының әлеуетін арттыру” мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазагрофинанс» арқылы рәсімделген несиеге әкелінген. Карантиннен өту барысында мүйізділердің қанынан вирустық диарея қоздырғышы табылыпты. Бірақ, сараптама нәтижесі олардың сау екенін көрсеткен. Алайда, мемлекеттік орган өз дегенінен бас тартатын емес. Егер мәселе оң шешімін таппаса, шаруа қожалығы шығынға батады. Өйткені, жем қоры мен мал тұратын қора құрылысының бір өзіне 220 млн теңге жұмсалыпты.

Яков Леонов, «Леонов» ШҚ басшысы:

-Сиырлар тұратын қораны қайта қалпына келтірдік. Украинадан арнайы құрылғылар сатып алынған болатын.

Бүгінде сиырлардың біразы төлдеген. Бұзаулардың дені сау, ешбір ауру белгісін тіркеген жоқпыз дейді ветеринар дәрігер.

Ерназар Кәрімов, “Леонов” ШҚ ветеринары:

Сиырлар бұзаулап жатыр. Қазір жаңа туылған 20 бұзау бар. Барлығы ірі, күйлері жап-жақсы. Ешбір белгі анықталған жоқ.

Айтпақшы, шаруа қожалығында вирустық диареяға қарсы вакцина да алынған. Бірақ, екпені егуге рұқсат берілмей отыр деп Яков Леонов ренжулі. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттік органның мән-жайды білмей, мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдалануға кедергі келтірулерін түсінер емес.
Дәл осындай жағдай «Полтавское» ЖШС-де де орын алған. Мұнда Австриядан «Қазагрофинанс» арқылы 417 бас сиыр жеткізіліпті. 250 млн теңге жұмсалған. 81 ірі қараның қан сынамасында антитела тіркелсе, кейін тек үшеуінде ғана расталған. Егер малдың көзі жойылса, серіктестік шығынның астында қалады.

Нұртас Жүнісов, “Полтавское” ЖШС бас зоотехнигі:

-Бұл мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін біз 1 жыл дайындалдық. 450 бас сиырға арналған қораны жаңарттық, екі қанаттың әрбіреуіне 150 млн теңгеден жұмсадық.

Сиырлар мұнда жаппай төлдеп жатыр. Сараптама жасалынған, бұзаулар сау.

Мәриям Ахметжанова, “Полтавское” ЖШС ветеринары:

-Қанды іш өту, ренит, түсік тастау, мұрын қуысынан бөлу сияқты белгілер жоқ.

Дегенмен, елдегі кейбір ақпараттық агенттіктер вирус жұқтырған ірі қара құртылды деген мәлімет берген болатын. Шын мәнісінде, сиырлар тірі. Олардың иелері мұндай хабарды естіп аң-таң, енді, мәселенің оң шешілуі үшін күресуге бел буып отыр. Әйтпесе, нақтыланбаған диагнозбен қаншама ірі қараны өлтіру – обал-ақ.

Данаш Хамзина