ТКШ

“Қызылжар судың” қызмет ақысы үшін төлем құрамы

 

 

 

Ольга Шатрова тек пайдаланған коммуналдық қызметтің құнын өтеуге дағдыланып алған. Пәтер иесі ол үшін есептегіш құралдарының көмегіне жүгінеді. Жұмсалатын ыстық және суық су көрсеткішін өлшейтін жабдықты орнатқанына 10 жылдан асып кетіпті. Ай сайын көп дегенде 400 теңге төлеу керектігі жөніндегі түбіртек қағаз келеді екен.

 Ольга Шатрова:
– Бұл өте тиімді. Есептегіш құрылғылары жоқ таныстарым жан басына 500 теңгедей төлейді. Бізде баламыз екеумізді қосқанда бұл сома шықпайды. Қазір әр тиынды санайтын заман. Сондықтан ақшаны ысырап қылмай, тек пайдаланған суға ғана төлейміз.  

«Қызылжар су» кәсіпорнының қызметін тұтынатын абоненттерге биылдан түбіртек қағазының жаңа түрі жіберілетін болды. Ескі тәртіп бойынша тек жиналған қарыздың жалпы көлемі ғана көрсетілетін. Енді кәсіпорын тұтынушының қаражатының қайда кеткенін айырып, анықтап жазылған қағаздар жіберетін боламыз деп отыр.

 Ирина Першина, «Қызылжар су» ЖШС техникалық директоры:
– Су үлестіру мен суағарды тазалау жұмыстары бөлек көрсетіледі. Егерде пайдаланған тіршілік көзі әр адамға белгіленген 3 текше метр ден асатын болса, артығы ортақ тарифпен есептеледі. Өткен айдың қарызы да бөлек бағанада жазылады. Есептелетін тариф құны мен қосымша баж салығының мөлшері де қағазға түсіріледі.   

Дифференциалды тариф құнының есептеу тәртібі тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Сондықтан әр азаматқа қалтасынан шығарған қаржысы бекер еместігін оңайлықпен тексеру мүмкіндігі жасалған. Сонымен қатар сұрақ туындаса кәсіпорынның кез келген бөлімшелерімен байланысатын нөмірлер тізіледі. Бүгінде облыс орталығы тұрғындарының 80 пайызы есептегіш құрылғыларын орнатыпты. Оған әлі қол жеткізбегендері өздерін судың бағасын екі есе артық төлеуге мәжбүрлеп отыр дейді мамандар.

 

 Жеңіс Ермұқанов