Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қалың түскен қардан коммуналдық қызметтердің жұмысы көбейді

 

«Благоустройство-Север» ЖШС таңертеңнен Батыр Баян көшесі бойындағы қарды тазалауға кірісіпті. Бұл іске кәсіпорын 12 бірлік техниканы тартқан. Соңғы күндері қардың көп жауғанына байланысты мұнда тындырылатын шаруа ауқымды көрінеді.

Геннадий Иванов, «Благоустройство-Север» ЖШС директоры:
Қарды тазалауға тартатын техника қаламызда жеткілікті. Бензострой кентіндегі осы көшенің жұмысын 3 күннің ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Көктайғаққа қарсы шараларды да қолданамыз.

Бұл күні мұндай жұмыстар қаламыздың өзге көшелерінде де қызу жүргізілді. Әсіресе, Ойқала ауданы, Бензострой және Жұмысшы кенттерінен қар шығаруға үлкен мән берілмек. Өйткені бұл жерлерде су басу қаупі жоғары дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Боташ Хайнетов.
Облыс орталығы көшелеріндегі қарды 6 кәсіпорын және «Коммунхоз Петропавл» ЖШС тазалайды екен. Бұл іске 141 техника жұмылдырылыпты. 2012 жылдың қараша айынан бастап қаланың 43 көшесінен 243 мың текше метр қар шығарылған. Бұл өткен жылғы маусыммен салыстырғанда шамамен 2 есеге артық. Онымен қоса алда да еңсерілетін іс аз емес.

Боташ Хайнетов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы:
-Қазір Батыр Баян тазалап жатырмыз. Бөкетов, Жұмабаев, Горький көшелерін тазалап жатырмыз. Караван, Украинская сондай көшелерді тазалаймыз. Бірінші наурызға дейін бар жұмысты аяқтаймыз.

Алайда кәсіпкерлермен кикілжіңдер туындап жататын көрінеді. Өйткені кейбіреулері өз кеңселерінің маңын қардан аршып, жолдың жиегіне үйіп қояды екен.

 

Айдана Демесінова