Спорт

«Ақшақар» спартакиадасы

 

 

 «Ақшақар» облыстық спартакиадасы қаңтардың сегізінде басталған. Барлығы 9 спорт түрі бойынша ұйымдастырылған жарыстың бүгін шағын футбол бойынша ойындары өткізілуде. Аяқ доп шеберлері арасындағы додаға әр ауданның намысын арқалап келген 14 команда қатысты. Алғашқы кездесулердің бірі Қызылжар және Айыртау аудандары құрамаларының арасында өтті.

Ален Шалов, «Парасат» мектеп-гимназиясының оқушысы, Қызылжар ауданы:
Бүгін біз бір командамен ойнадық. Ол Уәлиханов ауданы. Біз жарысқа көп дайындалдық. Осы матчта біз 8:1 есебімен жықтық. Қарсыластар жақсы болды. Енді келесі ойындарда бәріне сәттілік тілеймін.

Спартакиада ойындары әр түрлі базаларда ұйымдастырылды. Солардың бірі конькидің шорт-трек түрі бойынша өтті. Бұл бәсекеде спортшылар – 500 метрді бағындырулары керек. 4,5 шеңберді барынша жылдам жүгіріп өту талабы қойылады. Жасөспірімдер арасындағы алғашқы айналымдардың бірінде Петропавл қаласының намысын қорғап келген Илья Рысев бірінші болып мәреге жетті.

Илья Рысев, №26 орта мектептің оқушысы, Петропавл қаласы:
Сайыс енді басталғанда сәл қобалжыдым. Дегенмен өзімді жақсы көрсеттім деп ойлаймын. Енді ертең біз эстафета бойынша бақ сынаймыз. Онда да жақсы нәтиже көрсетуге барымды саламын.

Жалпы шорт-трек бойынша 100-ден астам спортшы бақтарын сынады. Жеңіске жетуге үміттілердің бірі – Мәриам Құсайынова. Оның бұл спортқа ден қойғанына 5 жыл болыпты.

 Мәриам Құсайынова, жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы:
– Жарысқа бірінші орын аламын деген ниетпен әрі өз командамды қолдау үшін келдім. Жалпы дайындығымыз жаман емес деп ойлаймын. Ол үшін ауданда барлық жағдай жасалған.

Спартакиада жеңімпаздарының есімі 10 ақпан күні белгілі болады.

Әспет Әбдірешова