ТКШ

Көршінің кесірінен газсыз қалды

 

 

 

Наталья Черникова үшін соңғы 2 аптада күнделікті тамақ пісіріп, шай қайнатудың өзі уайымға айналыпты. Өйткені пәтерге мүлдем газ келмейді. Жұмабаев көшесіндегі 98-үйде барлығы 4 пәтер көгілдір отыннан ажыратылыпты. Бұл бір тұрғынның кесірі болса керек.

Наталья Черникова:
28-ші қаңтар күні «Горгаз-Сервис» ЖШС 4 пәтерге ортақ газ құбырының тіреуішін жауып кетті. Өйткені 79-шы пәтердегі газ құбырының ақауы бар, көгілдір отын босқа шығындалуда дейді олар. Бұл жағдайдың кесірінен біз 12 күн бойы газсыз отыруға мәжбүрміз.

Пәтер иесі коммуналдық қызмет өкілдеріне есігін ашпай отыр. Көршілерімен де бір мәмілеге келе алмаған көрінеді.

Марина Костикова, «Дорожник» ПИК төрайымы:
«Горгаз-Сервис» бәрімізді бірдей газдан ажыратуды жөн көрді. Біздің кінәміз қанша? Бұл әрекеттерімен құқығымызды есепке алмайтындықтарын көрсетті. Тиісті мекемелер басымызға түскен мәселеге бей-жай қарамаса дейміз.

Тұтынушылар қалалық әкімдік пен ішкі істер органдарына арыз жолдапты. Бірақ нәтиже шамалы. «Горгаз-Сервис» ЖШС қызметкерлері мұндай жағдай тәжірибемізде алғаш рет кездесіп отыр дейді. Олардың сөзіне қарағанда, мекеменің еш кінәсі жоқ.

Павел Малков, «Горгаз-Сервис» ЖШС заңгерлік бөлімінің бастығы:
– Тұтынушы газға әжептәуір қарыз болды. Сондықтан сотқа шағым жолданды. Аталмыш пәтерге барғанда газ құбырының ақауы анықталды. Біз оны жоймақ болып едік, үй иесі келіспеді.

Қазір тұтынушының барлық қарызы өндіріліп алыпты. Енді ол апаттық жағдайды жоюға келіссе, мәселенің шешілер түрі бар. Бірақ оған дейін қанша күтуге тура келері белгісіз.

 

 Инеш Шоқақова