Билік

“Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек солтүстікқазақстандық жастармен кездесті



 

Жастардың мәселелерін шешуді қарастырған жиын бұл. Сондықтан да өздерінің болашақтарына жүрдім-бардым қарамайтын белсенділер қатысты. Отырыста жергілікті жердегі жасотандықтардың атқарылған жұмыстары сараланып, алдағы бағыт-бағдарлары ортаға салынды. Ол жайында «Жас отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Самат Жәкенов құлағдар етті. Бас қосуда жас отбасыларына арналып салынатын баспана мәселесіне баса назар аударылды. Ол үйлердің іргетастары қаланып та қойған.

Самат Жәкенов, “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ атқарушы хатшысы:

-Бұл үйлердің барлығы бір жерге орналастырылады. Ол «Жастар» ықшам ауданы болмақ. Біз онда алғашқы жастар тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жүзеге асыруда көздеп отырмыз. Қазір аталмыш құрылыс алаңында партиялық бақылау бекеті жұмыс істеуде. Ол құрылысшылардың қордаланған мәселелерін шешуге, құрылыс барысын бақылауға және пәтер бөлуде оның мөлдірлігін қамтамасыз етуге септеседі деп ойлаймыз.

Жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Алайда қиындық та жоқ емес. Ол, аудандарда жастар саясаты бағдарламасын жүзеге асырудың сылбырлығы. Бірақ ауыл жастары еліміздің саяси өміріне белсенді араласуда. “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Бұл өте дұрыс, қазіргі күні белсенді жастарға барынша жағдай жасалуда, олар үшін мол мүмкіндіктер бар»,- дейді.

Бауыржан Байбек, “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары:
Салынған зауыттар, мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың барлығы осы қазақ жерінде қалады. Сол себепті біз жастар оны қорғап, қолға алып, ата-аналарымыздың бастаған ісін жалғастыруымыз керек. Сол себепті Елбасы өзі айтып отыр мемлекеттік қызметке жастарды әкелу керек деп.

Жетекші партияның алда атқарар жұмыстары жайында да көп ойлар ортаға салынды. Бауыржан Байбек бұл ретте әрбір партия өкілі қарапайым халық пен билік арасындағы көпір іспеттес болу керек дейді. “Нұр Отан” партиясының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі осы. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Самат Ескендіров солтүстікқазақстандық жастардың алдында бағындырар асулардың көптігіне тоқталды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Тек қана қала емес, әрбір аудан, түпкір-түпкірден келген студенттеріміз бар, университетіміз бар, бүгінгі кездесуден кейін жұмыстарымызды бірге жалғастырамыз деп ойлаймын.

Табыстарға қол жеткізу үшін күш біріктіру керек. Белсенді жастар оны жақсы түсінеді. Себебі еліміздің ертеңі солардың қолында.

Самат Есмағи