Өнеркәсіп

Петропавл ауыр машина жасау зауытының өнімдері сұранысқа ие

 

 

 

Петропавл ауыр машина жасау зауыты өткен жылы талай белестерді бағындырған көрінеді. Өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге ұлғайып, 5,2 млрд теңгені құраған. Жалпы, 2012 жылдың жоспары бұл жерде толығымен орындалыпты.

Қуаныш Бишімов, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен келе жатқан бағдарлама отандық өндірушілерді қабылдау, оларды дамыту.  Осы бағдарлама бойынша біздің көлеміміз өсіп жатыр. Ең үлкен жасалынған өнімдеріміз, өзіміздің батыстағы ірі мұнайшыларға арнайы техниканы жасап отырмыз. Былтыр 100-ден астам техника өткіздік. Өнімдерімізді экспортқа шығару ойымыз бар. Елбасы Жолдауында отандық өндірушілерді қолдау керектігін айтқан.

Елдің батысындағы мұнай өндіруші кәсіпорындарда жергілікті зауыттың техникалары үлкен сұранысқа ие. Сондықтан зауытта 3 жыл бойы 100 тонналық жүкті көтеретін қондырғы құрастырылған. Мұның көмегімен 2 шақырымдық тереңдікте бұрғылап, мұнай алуға болады екен. Жаңа техниканы осы көктемде сынау көзделген.

Павел Пуртов, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ жетекші құрастырушысы:
-Бұл қондырғы Индустрия және сауда министрлігінің тапсырысымен құрастырылды. Мұндай техниканы еліміздің өзге қалаларында шығармайды. Сондықтан үлкен сұранысқа ие болады деген үміттеміз.

Былтыр кәсіпорынның техника паркі де жаңғыртылыпты. Бұл үшін өз қаражатынан шамамен 120 млн теңге жұмсалған. 2008 ж лизинг жүйесі арқылы да бірқатар жабдыққа қол жеткізген екен. Осылайша зауыттағылар бүгінде 50-ге жуық жаңа техникамен жұмыс жасауда. Осының арқасында өндіріс көлемі мен жұмыс сапасы біршама артқан. Қызметкерлер де жаңа станоктармен жұмыс істеу ыңғайлы екенін алға тартуда. Василий Корулько жарты жыл бұрын ғана жұмысқа орналасыпты. Бұл қондырғыда күніне 100-ге тарта бөлшек жасаймыз дейді ол.

Василий Корулько, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бағдарламалық басқарудағы станок операторы:
-Станок өте ыңғайлы. Онымен жұмыс істеу қиын емес. Сондықтан тез үйреніп кеттім. Бөлшектерді жоғары дәлдікпен жасап шығарады. Біз қажетті бағдарламаны енгізіп, бақылап тұрамыз .

Ағымдағы жылы да зауытта ауқымды іс тындырылмақ. Өндіріс көлемін 5,5 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы күнге дейін 2 млрд 600 млн теңгенің келісімшартына қол қойылған.

Айдана Демесінова