ТКШ

«Есіл су» қызмет құнын көтеруді сұрап отыр

 

 

“Қазводхоз” РМК «Есіл су» филиалы Булаев, Есіл, Преснов және Соколов топтық магистралды су тарату құбырларына қызмет етеді. Солтүстік Қазақстанның  –  11 және Қостанай облысының 2 ауданын сумен қамтуда. Жұмыс аумағы кең, тиісінше, шығындар да көп. Сондықтан мекеме тарифті 402 теңге 38 тиыннан 595 теңге 28 тиынға көтеруді ұсынып отыр.

Елена Гусева, “Қазводхоз” РМК “Есіл су” филиалы директорының орынбасары:
– Соңғы рет тариф 2012 жылдың 10 маусымында көтерілген болатын. Осы уақыт аралығында тауар, қызмет бағасы өсті, айлық есептік көрсеткіш, еңбекақының төменгі мөлшері өзгерді. Осындай көптеген себептер тарифті көтеруге негіз болып отыр.

«Есіл су» филиалында тарифтің екі түрі бар. Оның біреуі мемлекеттен субсидияланады. Сондықтан солтүстікқазақстандықтар бұл тарифтің өскенін сезінбейді. Ауыл тұрғындары пайдаланылған судың 1 текше метріне бұрынғыдай қосымша құн салығын қосқанда 40 теңге төлейтін болады. Су бағасы кәсіпорындар үшін қымбаттамақ. Сондай-ақ қоғамдық тыңдалымда гидротехникалық құрылғылардың көмегімен Есіл өзеніндегі суағарды реттеу сынды жұмыстарды атқаратын «Северводхоз» мекемесінің жаңа тарифі сөз болды.

Марат Мұстафин, табиғи монополияларды реттеу агенттігі СҚО бойынша департаментінің директоры:
– “Есіл су” және “Северводхоз” мекемелері республикалық “Казводхоз” кәсіпорнының құрамына енген. Былтыр жеңілдетілген түрде тарифтерін алған. 6 айдан соң оны бекіту қажет.

Екі жобаны да ендігі кезекте сарапшылар кеңесі қарамақ. Нақты шешім ақпанның 22-не дейін қабылданатын болады.

Инеш Шоқақова