Мәдениет

Кітапхана мерейтойы

 

 

Петропавлда өңір балдырғандарына арналып 1963 жылы облыстық кітапхана ашылыпты. Араға 39 жыл  салып, Ғабит Мүсіреповтың 100 жылдығына орай оған жерлес жазушының есімі берілген. Кітапхананың қоры бүгінде 200 мыңға жетіп отыр. Кітап үйінде 9 бөлім жұмыс істейді. Бұл жерге 14 мыңнан астам оқырман келеді екен. Солардың бірі – Айдана Сайлау. Оқушы мұнда көптеген қызықты ақпараттарға қол жеткізуге болады дейді.

 Айдана Сайлау, М.Жұмабаев атындағы педагогикалық колледждің студенті:
-Бұл кітапханадан көптеген қызықты хабарламаларды әрқашан да осы кітапханадан аламын. Интернет болғандықтан, балалар кітапханаға келгісі келмейді. Бірақ Ғ.Мүсірепов атындағы кітапханаға балалардың көп келуіне байланысты балалар тек керекті мағлұматты ғана емес, сонымен қатар пікір алмасып, ой да бөлісе алады.

Кітапхананың 50 жылдық мерейтойына орай бұл жерде «Кәсіби шеберліктің қырлары» атты семинар ұйымдастырылды. Мұнда кітапханашылар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Айбар Оспановтың кішкентай балақайларды 2-ші дүниежүзілік соғыс жайлы кітаптарды оқуға тартатын ерекше тәсілі бар. Ол қағаздан белгілі бір шайқастарда пайдаланылған қарулардың макетін жасапты.

Айбар Оспанов, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапхананың кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің жетекшісі:
-2-ші дүниежүзілік соғыстың техникасын қағаздан жасаймын. Осылайша оқырмандардың назарын аударып, тарихқа деген қызығушылығын арттырамын.

Бүгінгі жиынға аудандық кітапханалардың қызметкерлері де келіпті. Мағжан Жұмабаев ауданындағы қітап үйіне 2200 оқырман келеді екен. Мұнда 50 мыңға жуық кітап қоры бар.

Жұлдыз Шәрімова, М.Жұмабаев аудандық кітапханасындағы балалар бөлімінің меңгерушісі:
-Бүгінгі семинарда біздің қызметкерлеріміздің қалай жұмыс істейтінін айтпақпын. Абонемент жанында «Книжкина больница» үйірмесі бар. Оған 8-12 жас аралығындағы балалар келеді. Жеткіншектер кітаптарды қалпына келтіруге, шараларды ұйымдастыруға көмектеседі. Оқырмандардың санын ұлғайту үшін түрлі қызықты буклеттер шығарамыз.

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Балапан», «Жас қаламгер», «Очумелые ручки» сынды түрлі клубтар жұмыс істейді. Бұл жерге, тіпті, балабақшалардың тәрбиеленушілері келеді екен.

– Кітапханаға жиі келеміз. Мұнда қызықты кітаптар өте көп.
 -Мұнда маған ұнайды, сондықтан біз жиі келеміз.  Кітапхананы туған күнімен құттықтаймыз.

Бұл күні оқырмандар «Кәсіптік шеберліктің қырлары» атты кітап көрмесіне де тәнті бола алды.

Айдана Демесінова