Аптадағы маңызды жаңалықтар

Асанов ауылдық округі тұрғындарын толғандыратын мәселелер аз емес

Кездесуде ауылдықтар бас партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен өңір жетекшісі Самат Ескендіровке қордаланып қалған мәселелерін айтты. Асановтықтарды елді мекенді республикалық трассамен байланыстыратын жолдың бүгінгі күйі мазалайды. 7 шақырым тас жол әбден тозған. Биыл тұрғындары 2 мыңнан аспайтын шағын елді мекендердегі амбулатория жұмысын тоқтатады деген қаулы шықты. Алысқа бармай-ақ, шипа тауып жүрген азаматтарды өздеріндегі емдеу мекемелерінің тағдыры да алаңдатпай қоймайды. Мәдениет үйі мен кітапхана сынды рухани азық мекендері де жоқтың қасы. “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары  бұл мәселелердің назарда болатынын айтты.
Кейін Бауыржан Байбек пен Самат Ескендіров елді мекеннің таза ауыз сумен қамтылуын байқап көрді.

Серікбай Қазеев, Асанов ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Барлық санитарлық талаптарға сай су тасымалданады. Асановоға  – аптасына үш, ал Толмочево мен Плоское ауылдарына 2 мәрте әкелінеді. Михайловское елді мекенінде тіршілік көзін үлестіргіш 25 текше метрлік мұнара бар. Ауылдықтар әр 40 литріне 20 теңгеден төлейді.  

Округ орталығында 20 жыл тұрып жатқан Дулат Бағрамов судың да сұрауы бар екендігін жақсы түсінеді.

Асқа жарамды тіршілік көзін ысырап қылмай, қажеттеріне ұқыптап пайдаланады. 1,5 мың тұрғыны бар ауылға аптасына не бары 15 текше метр су жеткізіледі екен.

Дулат Бағрамов, Асанов ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
Су көп қажет. Ішуге, асқа таза су керек. Кір жуылады, моншаға пайдаланамыз. Мал суаруға құдық суын аламыз. Үнемдеуге тырысамыз. Басқа амал жоқ.

Ертеректе төселген желілердің қолданыс уақыты өткелі қашан. Тіршілік көзі тарайтын құбырлар істен шыққан. Қиындығы осында. Толықтай жаңасына алмастыру керек. Денсаулық кепілі таза ауыз сумен қамту үшін сметалық жоба құрылып қойылыпты. Тұрғындармен жүздескен Бауыржан Байбек пен Самат Ескендіров тіршілік көзі жақында бұл маңға да келеді деді.

Бауыржан Байбек, “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары:
Су әкеледі, оны сатып алады. Ол өте қиын. Машина келмей қалуы мүмкін. Бұл мәселе шешілетін болады. Ауыз су бағдарламасы аясында ақша бөлінді. Облыс әкімінің айтуынша ПСД-ны қарап су мәселесін шешетін боламыз. Өткен жылы таза ауыз су бойынша кемшіліктер болды. Бар мәселелерді жоямыз. Су үйге дейін келуі керек.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Кеше мен бүгін партия төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапарымен келіп, көп күрделі мәселелерді көтерді. Халықпен кездесіп талқыладық. Оның нәтижесі болады деген сенімдемін.

Қызылжар ауданына қарасты Асанов ауылдық округінде 2 мың 200 -ден артық адам 580 үйдің түтінін түтетіп отыр. 2015 жылға дейін жоспарланған “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында су желісі әр орамға тартылады деп межеленген. Жобаны іске асыруға 275 млн теңге жұмсалмақ.

Жеңіс Ермұқанов