Қылмыс

Көкшетаудағы «Жедел жәрдемді» әуре-сарсаң еткен телефон террорисі солтүстікқазақстандық оқушы болып шықты

 

Бірден залалсыздандыру тобы мен арнайы жаттықтырылған иттер жарылғыш затты іздестіру жұмысына кірісіп кетті. Кейін “жарылғыш жасырынған” деген ақпараттың жалған екені белгілі болды. Жедел уәкілдер аз уақыттың ішінде адамдарды жоқ жерден сергелдеңге салған суайттың өзін де тапты. Ол – Солтүстік Қазақстан облысы Ғ. Мүсірепов ауданындағы Урожайное ауылының 7 сыныпта оқитын тұрғыны болып шықты.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД қызметкері:

-Мектепте үзіліс кезінде 7 сыныптың оқушылары бөлмеде ойнап жүрген. Сосын біреуі барып Көкшетау қаласындағы “Жедел жәрдем” қызметіне телефон соғып, жарылғыш заттың қойылғанын айтқан. Аталған факті бойынша материал жиналып, ары қарай тергеу үшін Ақмола облыстық ІІД-не тапсырылды.

Қазір ҚР ҚК 242-бабы, яғни «лаңкестікке қатысты жалған хабар беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай қылмыс үшін 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Немесе 2 жылға түзету жұмыстарына жұмылдыру және 2 жылға бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД қызметкері:

-Өткен жылы облыста жарылғыш зат қою туралы екі жалған ақпарат түсті. Бұл істердің екеуі де ашылды.


Тәртіп сақшылары заманауи құрылғылардың арқасында телефонмен жалған шақырту жасаған адамды жылдам табуға мүмкіндік бар дейді. Балалардың теріс қылығы ата-аналар үшін соқпақты болуы мүмкін. Сондықтан ересектер осы жағына сақ болуы керек.

Данаш Хамзина