Қоғам

Фазыл Кәрібжановтың өмір кезеңдері



 

Мемлекет және қоғам қайраткері Фазыл Кәрібжановтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі зор. Алғашқы еңбек жолын қарапайым агроном болып бастаған бұл кісі кейіннен Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министріне дейін көтерілген. Әсіресе сұрапыл соғыс кезінде тыл жұмыстарына араласты. Бейбіт күндері күйреген экономиканы оңалтуға еңбек етті. Тың және тыңайған жерлерді игеруге басшылық жасады.

Вера Андреева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының тарихи-экспозициялық бөлімінің маманы:
Фазыл Кәрібжанов не бары 48 жыл өмір сүрген. Қысқа ғана ғұмырында ол көп игі іс жасап үлгерді. Соғыс жылдары біздің өңірімізде тыл жұмыстарының жандануына үлесін қосты. Өңіріміз сол кезде майдандағы адамдарды азық-түлікпен, әсіресе астықпен қамтамасыз етіп отырды.

Фазыл Кәрібжанов жайлы деректер аз болғаннан кейін, мұражай қызметкерлері ел аумағындағы мұрағаттарға сұрау салған. Соның негізінде жиналған материалдар бүгін көрмеге келушілердің назарына ұсынылды.

Алина Шегенова, №1 гимназия оқушысы:
Фазыл Кәрібжанов – өте еңбекқор адам болған екен. Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан еңбегі елеулі.

Қоғам қайраткерінің туғанына былтыр 100 жыл толған. Өмірінің соңғы кезінде Фазыл Кәрібжанов Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумында төрағалық етті.

Әспет Әбдірешова