Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкімет баламалы энергия көздерін пайдалану мәселелерін талқылады

 

Баламалы энергия көздерін пайдаланудың тиімділігін АҚШ, Германия сынды мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Елімізде де бұл бағыттағы жұмыс қолға алынған. Энергия үнемдеу технологиясы саласында мемлекетімізде 25 жоба іске асырылуда. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің есебіне қарағанда, 2020 жылға дейін қалпына келетін энергия көздерін пайдалану үлесі 1 мың мегаваттан аз болмауы тиіс. Біздің өңірімізде балама энергия көздерін пайдаланатын 3 нысан бар. Қуаттылығы 2,46 МВт Сергеев гидроэлектр стансасы, «Қазақтелеком» АҚ өндірістік нысандарын қосымша энергиямен қамтамасыз ету кешені және жалпы қуаттылығы 1,5 МВт «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің жел электр стансасы.

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
2012 жылы облысымыздағы балама энергия түрлерін қолданудың жалпы көлемі бар-жоғы 1 пайызды құрады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің әрбір жел-электр стансасының қуаттылығы 40 кВт-тан 740 кВт-қа дейін жетті.

Құрылғыны серіктестік өткен жылы өз қаражатына алған. Енді ЖЭК пайдаланатын кәсіпорындарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілмек. Мемлекет қазынасынан құрылғылар құнының 50 пайызы өтеледі деп күтілуде. Сондықтан облыс әкімі осы мүмкіндікті пайдаланып, 2013 жылы жаңа өңірлік жобаларды ойластыруды тапсырды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Агроқұрылым, мал шаруашылығы салаларында жаңғыртылған электр көздерін пайдалануға байланысты жобалар әзірлеу керек. Қарастырылып жатқан жаңа заң жобасына сәйкес, мемлекеттен көрсетілетін қолдауды тиімді пайдалануға тиіспіз.

Инеш Шоқақова