Билік

Саят Әшімов Жамбыл ауданына әкім болып тағайындалды



 

Жамбыл ауданы әкімінің қызметін ендігі жерде Саят Қаятұлы Әшімов атқармақ. 5-ші шақырылған 12- сессиясында 13 адамнан құралған аудандық мәслихат депутаттары оның кандидатурасын бір ауыздан мақұлдап дауыс берді. Бұдан соң жаңа басшы жамбылдық активке таныстырылды.

Самат Ескендіров , СҚО әкімі:

Сіздерге келудегі себебім біреу. Ол кадрлық ауыстүйіс мәселесіне байланысты. Владимир Балахонцевтің еңбек өтілі мен тәжірибесі мол, сондықтан оны өзімнің орынбасарым етіп тағайындадым. Ал сіздерге жаңа басшыны таныстырмақпын. Бірлесіп жұмыс істейтіндеріңізге сенім мол.

Саят Әшімов Жамбыл, Қызылжар аудандары әкімдерінің орынбасары болып қызмет істеген. Жаңа тағайындалуға дейін “ҚазМұнайГазӨнімдері” АҚ Көкшетау қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары бойынша филиалы директорының орынбасары болды. Жиын барысында облыс әкімі өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуына тоқталып өтті. Былтырғы жылы өңір өндірісі – 2,3, инвестиция көлемі – 34,6, қолданысқа берілген баспана -1,6 пайызға өсіп, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл ретте Жамбыл ауданында да атқарылған жұмыстар қомақты, алайда шешімін күткен мәселелері де жоқ емес.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму болуы керек. Әсіресе бөлшек саудадағы тауар айналымын арттыру қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету де назарсыз қалмасын.

Саят Әшімов өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға уәде  берді.

Саят Әшімов, Жамбыл ауданының әкімі:

-Самат Сапарбекұлы, сенім артқаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Елбасының алға қойған тапсырмаларын аудан халқымен бірлесіп жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Ол үшін ерік-жігерімді аямаймын.  

Жамбылдықтар  алдағы уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбектенетіндіктеріне сенім білдірді. Міндет айқын, бағдар бар. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы ендігі жерде тек ерінбей еңбектену керектігін атап көрсетті. Оның бәрі еліміздің одан әрі өркендеуі үшін қажет.

Самат Есмағи