Билік

Қызылжар ауданы әкімінің Якорь селолық округіндегі есепті кездесуі

 

 

Қызылжар ауданының әкімі Орал Қаппасов 2012 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін 1 млрд 444 млн теңге бөлінді дейді. Техника паркі 996,2 млн теңгенің 56 бірлік заманауи техникасымен толығыпты. Етті мал шаруашылығын дамыту бағытында аудандағы шаруашылықтар 2470 бас ірі қара мал сатып алыпты. Ал индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 984 млн теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Кәсіпкерлікті дамыту да жақсы жолға қойылған көрінеді. Былтыр аталған ауданда 12 жеке кәсіпкерлік нысаны ашылыпты. Тұрғындарды тіршілік көзімен қамту да назардан тыс қалмаған.

Орал Қаппасов, Қызылжар ауданының әкімі:
Ауданда тұрғындардың 72 пайызы орталықтандырылған су құбырының суын пайдаланады. 2012 жылы Боголюбово, Кондратовка, Белое селоларында сумен қамту жүйесі қалпына келтірілді. Прибрежное және Тепличное селоларында ұзындығы 12 130 метр су тарату желілерінің құрылысы аяқталды.  

Алайда бұл мәселені түбегейлі шеше қойған жоқ. Якорь селосының тұрғыны Аралтай Сейтқасымұлы атқарушы билік өкілдерінен ауыз су проблемасын шешуді сұрауға келіпті.

Аралтай Сейтқасымұлы, Якорь селосының тұрғыны:
Бір құдықтар бар еді. Оны жауып қойды. 3 сағаттай су береді. Оның өзін дұрыс бермейді. Маған ақша әкеп бер демеймін, су болса болды.

Якорь селосында шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – көшелерді жарықтандыру болып отыр.

Ирина Исаинко, Якорь селосының тұрғыны:
Көп жылдар бойы бізді жарықтандыру мәселесі алаңдатып отыр. Қаланың шетінде тұрамын. Мектеп үйімізден 2 шақырым жерде орналасқан. Бірінші сыныпта оқитын баламды таңғы сағат 8 кезінде мектепке апарамын. Көшелер қараңғы болғандықтан қорқынышты.  

Якорь селосының тұрғыны Августа Бауэр де өзін толғандырған мәселесімен бөлісуге келген.

Августа Бауэр, Якорь селосының тұрғыны:
Округті 3 жыл бойы басқарған әкіміміз қалада тұрады. Мәселелерімізді ол кісіге жеткізу қиын. Жарықтандыру жоқ, жолдар дұрыс тазаланбайды. Ауданның бұрынғы әкімі су мұнарасын саламыз деп сөз берген, алайда еш нәтиже жоқ. Қол ұшыңызды берерсіз деп келіп отырмыз.

Аудан жетекшісі Орал Қаппасов осыған байланысты тиісті шаралар қолға алынатындығын айтты.

 Орал Қаппасов, Қызылжар ауданының әкімі:
-Жақын арада әкімге қатысты шешім қабылдаймыз. Осылайша өзге мәселелерді де шешеміз деп ойлаймын. Осындай айтылған мәселелердің барлығын қарастырамыз. Алайда барлық проблеманы тез әрі бір уақытта шешу мүмкін емес. Оны өздеріңіз де білесіздер. Сондықтан біртіндеп осы олқылықтарды жоямыз деген ойдамын.  

2012 жылғы есептік кездесуде түрлі мәселелер бойынша 224 ұсыныс пен ескерту айтылыпты. Оның 76-сы бақылауға алынып, 73-і жүзеге асырылған. Ал түйіні тарқатылмаған мәселелер ағымдағы жылы шешімін таппақ. Якорь селолық округінің тұрғындары оған үлкен үміт артып отыр.

Айдана Демесінова