Құқық қорғау органдары

Ереже бұзған жаяу жүргінші қамауға алынды



 

46 жастағы петропавлдық жолда жүру ережелерін жиі бұзады екен. Өткен жылы ортақ талапты ескермеген жаяу жүргіншіге үш бірдей хаттама толтырылған. Алайда жолды белгіленбеген жерде кесіп өтуге құмар заң бұзғыш айыппұлдың орнын толтыруға асықпайтын көрінеді. Тәртіп сақшылары жауапкершіліктен қашқақтаған жерлесіміздің ісін сотқа беруге мәжбүр болған.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
Көбіне жол апатына жаяу жүргіншілердің өздері кінәлі болады. 2012 жылы олардың қатысуымен 165 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Асығыстық танытқандықтың салдарынан 14 адам қаза болды. 117-сі түрлі дене жарақаттарын алды.

ҚР ӘК 473 бабына сәйкес жол ережесін бұзған жаяу жүргінші 15 АЕК мөлшерінде айып төлеуге тиісті. Шамамен 20 мың теңге. Өтелмеген жағдайда айыптыны 3 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Петропавл қалалық әкімшілік соты сезіктіге осындай үкім шығарды. Бұл көлік көптеп қатынайтын жерде жолды кесудің кесірінен алаңғасарлардың өмірін қиып алмаудың қамында қолданылған шара дейді сақшылар. Бұндай немқұрайлық өз денсаулығымен қатар айналадағыларға аса зор қауіп төндіретінін ұмытпаған абзал.

Жеңіс Ермұқанов