Қоғам

Сталинград шайқасына – 70 жыл

 

 

 

Серік Смағұлов 1941 жылы қан майданға аттанып, Сталинград шайқасына түсіпті. Бастапқыда автоматшы болған, кейін барлау бөлімшесінің командиріне дейін көтерілген. Ел басына қауіп төнген уақытта қолына қару алып жауға аттанған солдат 3 мәрте жараланыпты.

 Серік Смағұлов, ҰОС ардагері:
Сталинградта болған шайқасқа қатыстым. Ол кездің сұмдығы туралы айту қиын. Қияметке толы сол күндерді кейінгі ұрпақ көрмесін. Соғыс жылдары майдандағы жауынгерлерге де, тылдағы еңбеккерлерге де қиын болды.

Мамырдың 9-ы Серік Сейтқазыұлы қос мерекені тойлайды. Оның бірі Ұлы жеңіс болса, екіншісі – туған күні. Биыл қария 92 жасқа келмек. Бұл, әрине, салауатты өмір салтын ұстанудың арқасында дейді жолдасы.Ардагер оқ пен оттың арасында жаумен шайқасқан сол бір сұрапыл жылдар жайлы еске алып, көп айтқысы келмейтін көрінеді. Ардагердің жары Зағида Мұхамеджанқызы бұған барлаушы әдетінің қалуы себеп дейді.

Зағида Сәлімова:
Майдан жайлы көп айта бермейді. Өйткені соғыста барлаушы болған. Отан үшін жауға төтеп беріп, оларды жеңуге тырысыпты. Артқа шегінбей, тек алға ғана жүрген. Жоғарыдан келіп түскен бұйрықтарды бұлжытпай орындапты.

Жауды жеңіп, елге оралған Серік Смағұлов Алматы қаласындағы жоғары милиция мектебіне түсіпті. Кейін өмірінің 25 жылын өңіріміздегі қоғамдық тәртіпті сақтауға арнаған екен. Ардагердің ерлігін кейінгі ұрпақ ұмытқан емес. Сталинград шайқасының 70 жылдығына орай қалалық әкімдік зейнеткерге сый-құрмет көрсетті.

Айдана Демесінова