Билік

Петропавл қаласы әкімінің тұрғындар алдындағы есебі

 

 

Қала әкімі өз есебін әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысынан бастады. Өткен жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 81,2 млрд теңге болыпты. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 72, тағам өндірісі 10 пайызға өскен. Қай салада болмасын өсім байқалады дейді Болат Жұмабеков.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Есеп беріп отырған аудандарда да былтыр біраз жұмыс атқарылды. Солнечный және Борки кенттерінде аялдама қойылды. Жарық диодты жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы жөнделді. 9, 23, 43 мектептерде 18 млн 300 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Петушок», «Аленушка» балабақшаларын қалпына келтіруге 7 млн теңге жұмсалды.

Кездесуге жиылған тұрғындарды былтырғы жылы атқарылған істерге қарағанда, алдағы жоспарлар қызықтырды. Өйткені олардың әрқайсысын маңызды мәселелер алаңдатып отыр. Айталық Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-гимназия жанында автобус аялдамасын орнату мәселесі 2 жылға созылыпты.

Қадиша Қуантаева:
2010 жылдан бері осы сұрақпен қалалық әкімдікке барамыз. 2011 жылы бюджетте ақша жоқ, 2012 жылы қарастырамыз деген. Әлі шешілер емес.

Бұл аялдаманы орнату жол қозғалысының нормаларына сай келсе, қарастырылады деп шешілді. Қала әкіміне жол белгілері мен аялдамаларға қатысты сауалды әрбір екінші тұрғын жолдады десе де болады. Оларды қоғамдық көліктердің сапасы да мазалайды. Троллейбустардың қызметі сын көтермейді дейді кездесуге жиылғандар. Троллейбус паркі ескірген. Сондықтан ведомствоаралық комиссияның отырысында оның алдағы қызметі қарастырылмақ. Ал Шухов көшесіндегі 142-үйдің тұрғындарын өзге мәселе алаңдатады. Олар жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігермен келісімшарт жасасқан. Алайда «Золотое сечение» ЖШС 2 ай бойы жұмыстарына кірісуге асықпай отыр.

Қанат Баймұхамбетов, Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы:
Арнайы материалдар мен жұмыс учаскесін дайындауға уақыт керек болды. Мердігер 4-ші ақпаннан бастап жұмысқа кіріседі. Келісімшарттар да тұрғындардың қолына берілетін болады.

Ендігі өзекті мәселелердің бірі – су тарту. 4-ая Кирпичная көшесінің тұрғындарында тек қана жазғы су құбыры бар. Қыстың суығында ол қатып қалады.

Валентина Трендюк:
2 жыл бойы сол құбырмен отырмыз. Оның өзі ешбір мекеменің балансында болмай шықты. Сондықтан сауалды қала әкіміне жолдадым. Қол ұшын беремін деп уәде етті.  

Өткен жылы тұрғындармен кездесуде 176 өтініш түсіп, оның 173-і шешіліпті. Қала әкімінің келесі кездесуі ақпанның 5-не жоспарланған. Барлығы 5 есептік жиын өткізілмек.

Инеш Шоқақова