Құқық қорғау органдары

Облыс полицейлері 2012 жылды қорытындылады

 

 

Жекелеген аудандарда заңның ала жібін аттау 33 пайызға дейін өскендігі байқалады. Әсіресе кәмелет жасына жетпегендердің қылмысқа баруы жиілеп кеткен. Тіркелген бар қылмыстың 70 пайызы біреудің мүлкін қолды еткен ұрыларға тиесілі. Баукеспелердің үштен бірі пәтер тонағандар. Полицейлер аса ауыр қылмыстар азайды деп отыр.

Мұрат Ұрымханов, СҚО ІІД бастығы:
2011 жылы 898 аса ауыр қылмыс тіркелсе, былтыр 13 пайызға кеміді. Адам өлтіру 61-47 пайыз азайды. Қарақшылық шабуыл 50-40 оқиғаға кеміді. Іздеуде жүрген 146 қылмыскер құрықталды.  

Есірткі бизнесіне де тұсау салынып жатыр. 66 көкнәр саудагерінің арам ісі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 203 келі түрлі есірткі заты тәркіленді. Азаматтардың конституциялық құқығы 2 есе аз бұзылатын болды. Десе де қоғамның қауіпсіздігін күзетемін деп ант суын ішкен тәртіп сақшылары тарапынан да заң бұзушылықтар жоқ емес.

 Ғали Мұсақұлов, СҚО ІІД бастығының орынбасары:
– Өткен жылы заңды бұзған 8 қызметкер сотталып,темір торға тоғытылды. Тағы соншасы жұмыстан босатылды. 117 полицей тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жол қауіпсіздігін бақылап жүрген 126 сақшы өздері ереже бұзып жазаға тартылды. Екеуі қызметінен айрылды. 3 жемқорлық фактісі тіркелді.  

Мемлекеттік аттестациядан 193 қызметкер сүрінген. 108-і ҚР заңнамаларын тиісінше білмепті. 185-ің физикалық дайындығы сәйкес емес. 700-ден астамы тапаншадан нысананы дәл көздеп ата алмаған. Жиынға қатысқан ҚР ІІ министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев аталған кемшілктерді сынға алды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Елбасы өз ісіне жауапсыз қараған қызметкермен бірге тікелей басшысын жауапқа тартуды талап етеді. Енді жыл сайын сынақ өтетін болады. Одан өткендері өз ісінің шеберлері. Маман тапшылығын сезінеміз. Бірақ тәртіп ІІО қатарын талапқа сай келмейтін қызметкерлерден тазартуға септеспек.  

Сондай-ақ вице-министр жергілікті әріптестеріне криминогендік жағдайды жақсартудың амалдарын тізіп кеңес берді.

 Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
– Қазір қай сала болсын бейнебақылау құралдарын ІІД орталық жүйесіне қосып алуына мүмкіндігі бар. Алматы қаласы бұл тәжірибені ендіргелі жұмыс тиімділігі артты. Мәселен, халық көп шоғырланатын вокзал, білім ордалары мен сауда үйлерінде камералар бар. Басшылары келісім береді. Өйткені сіздер ондағы қауіпсіздікті қадағалайсыздар.  

Жиында облыс әкімі Самат Ескендіров қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмыспен күресте аса жауаптылықты талап ететінін айтты. Бұл бағытта Ішкі істер органдарына жергілікті билік тарапынан үнемі қолдау жасалып тұрады.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Облыстық әкімдік мәселелерді шешуде қолдан келген көмегін аямайды. Сіздердің тарапыңыздан қоғамдық қауіпсіздік мәселесін жаңа деңгейге көтеруге бар күшжігер жұмсалуы тиіс. Өз ісіне немқұрайлы деген сөз ойға кіріп те шықпайтындай дәрежеге жету керек. Сонда халық сеніміне енесіздер.

Жыл қорытындысы шығарылған жиында үздік полицейлер өңір жетекшісінің қолынан құрмет грамотасы және алғыс хаттарын алды. Кейін ҚР ІІ министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев пен аймақ басшысы Самат Ескендіров ІІД материалдық-техникалық базасымен танысты. Өңір полицейлері елімізде бірінші болып “Көршілер бақылауы” жобасын қолға алған. Жаңашылдық қылмыстың алдын алу жолында таптырмас көмекшіге айналған. Бағдарлама вице- министрдің қызығушылығын тудырды. 02 нөміріне шалынатын барлық қоңырау алдымен жедел басқару орталығына келіп түседі. Хабар дереу қорытылып, кезекші құрылымдарға жөнелтіледі. Қылмыстың алдын алуда облыс орталығында орнатылған 36 бейнекамераның да көмегі мол. Бұл құрылғылармен былтыр 20 қылмыстың беті ашылыпты. Биыл тағы қосымша 14 камера қойылмақ. Меймандар облыс полициясының өткен тарихын толық қамтитын 4 мыңнан артық жәдігер қойылған мұражайды аралады.

Жеңіс Ермұқанов