Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жабайы жануарларға жанашырлық

 

 

 

 

Қалың қарда жануарлардың өздігінен қажетті қорегін іздеп табуы қиынның қиыны. Бескөл аңшылық шаруашылығының орманшылары аптасына бір рет арнайы орман учаскелеріне келіп, қажетті жем-шөп пен азық қалдырады. Бүгінде шаруашылықта осындай жем салатын алты алаңқай бар. Жалпы аумағы 83 мың гектарды алып жатқан жерде негізінен елік, қоян, түлкі мекендейді.

Сергей Слепцов, Бескөл аңшылық шаруашылығының бас қорықшысы:
-Жыл сайын жабайы аңдарды қоректендіру жұмыстарын жүргіземіз. Биылғы жылы қар көп түсті. Сондықтан жануарлардың өздігінен азық тауып жеуі қиын. Жануарларды қыстан ашықпай аман шығу үшін биыл біз 1500 қайың сыпыртқысын, 20 центнер жем мен 30 центнер шөп дайындадық.

Бұл жұмыстардың басталғанына бір ай болған. Бүгінде аталған аумақта шамамен 140 елік пен 1000-нан астам қоян бар. Аңшы Виталий Цыганов қорықшылармен келіп, азық салуға көмектеседі.

Виталий Цыганов, аңшы:
-Кептірілген қайың жапырақтарын ағаштың маңына қойып кетеміз. Еліктер келіп жеп кетеді. Бұл өте қайырымды іс деп ойлаймын. Аңшылықпен айналыссам да, жануарларды қорғау қажет деп санаймын.

Облыс аумағында 12 аңшылық шаруашылығы бар. Бүгінде олардың бәрінде жаппай жабайы аңдарды қоректендіру жұмыстары жүргізілуде.

Максим Ушаков, Солтүстік Қазақстан облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының аң шаруашылығын жүргізуші:
-Биылғы жылы біз жануарларды қоректендіруді сәл ерте бастадық. Бұл жұмыстарды ақпан, наурыз айларында да жүргізетін боламыз. 32 тонна жем-шөп азығы, 45 тонна шөп әзірленді. Ашыққаннан өлген немесе браконьерлік фактілерін кездестірген жоқпыз.

Көктемде еріген қардың астынан азық табу әлдеқайда қиын екен. Сондықтан ол кезде де жем-шөп беруді тоқтатпаймыз дейді мамандар.

 

Әспет Әбдірешова