Қоғам

Петропавлдықтар Қайсар Малғаждаровты соңғы сапарға шығарып салды

 

Алматының түбінде орын алған әуе апаты барша қазақ елінің қабырғасын қайыстырып, қайғыға душар етті. Аптаның ұлығы жұма күнінде қаза болған 21 отандасымыздың жаназасы шығарылып, сүйектері жер қойнауына тапсырылды. Қаралы күні әуе кемесінің бортында болған жерлесіміз, кеден қызметінің полковнигі Қайсар Малғаждаров та бұл сапардан қайтпады. 

Әлібек Қартов, СҚО кедендік бақылау департаментінің бастығы:
-1995 жылдан 18 жыл кеден саласында қызмет етті. Оның 15 жылын туған облысында болып, іскерлігімен, жауапкершілігімен өзін таныта білді. Үлкен жетістіктерге жетті. 6 мың кеденші бар елімізде солардың ішінде үздік кеденші атанды. Құрмет орденінің иегері. Ұшақ жерге құлады дегенде аспан айналып жерге түскендей болды.

Соңғы уақытта “Алматы кедендік ресімдеу орталығын” басқарған. Өмірінің соңына дейін антына адал, сертіне берік болған азаматынан айрылған ел қаралы. Көркем мінезді абзал жерлесімізбен қоштасуға ағайын-туыс, дос-жара, әріптестері мен көзі көрген азаматтар жиылды. Қайғыға облыс әкімі Самат Ескендіров те ортақтасты.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
-Қайсар досымыз, әріптесіміз бірнеше жыл қызметтес болдық. Қашан болса да тапсырмаларды елімізде жүріп жатқан саясаттың адал қызметкер азаматтығын көрсетті. Патриоттық сезім болса Қайсардай болсын. Ақырғы жолың оң, жатқан жерің торқа болсын дейміз. Артында қалған бала шағасы бақытты болсын. Отанымыз, бірлігіміз бар. Балалары өседі, тәрбие алады. Енді бұндай апат болмасын деп тілеймін. Қош бол, Қайсар.

Жазмыштан озымыш жоқ. Қазаға сабырлықпен көнбеске шара жоқ. Қайсар Мағжанұлының рухына дұға бағышталып, жаназасы шығарылды. Ел ұланының сүйегі кіндік қаны тамған туған ауылында жерленді. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталып қалады.

 

Жеңіс Ермұқанов