Құқық қорғау органдары

Облыс аумағында заңсыз жұмыс істеп келген үш діни мекеме анықталды

 

 

Ішкі істер департаментінің тәртіп сақшылары мен Дін істері жөніндегі департамент мамандары бірлесіп рейдке шықты. Ондағы мақсат – діни әдебиеттерді заңсыз сататын сауда орындарын анықтау. Бүгінде облысымызда діни кітаптарды 4 жерде сатуға болады. Олар: “Рахмет” сауда үйі, “Знание” дүкені, Қазақстан Конституциясы көшесі бойындағы кітап дүкені мен Жамбыл ауданының Преснов ауылындағы тұрғын үйлердің бірінде ғана рұқсат етілген. Жедел алдын алу шараларының барысында 6 заңсыз діни әдебиет сату фактісі тіркеліп, 38 кітап пен 3 DVD диск тәркіленді. Бүгінде заңсыз саудамен айналысқандарға қатысты материалдар дін істері жөніндегі департаментке жіберіліп, кінәлілерді жауапқа тарту мәселелері қарастырылуда. Сонымен қатар, облыс аумағында 3 заңсыз діни бірлестік бар екендігі анықталды. Бұл ұйымдардың бірі Петропавл қаласындағы Жұмысшы кентінде, қалған екеуі Тайынша және Уәлиханов аудандарының орталықтарында болып шықты. Аталған діни ұйымдар мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Заңсыз ұйым мүшелері үнемі жиналып, басқосулар өткізіп келген.

Қанат Әмрин, СҚО ІІД лаңкестікке қарсы бөлім бастығы:
-Бүгінде діни ұйымдардың жетекшілеріне қатысты материалдар жиналып, облыстың әкімшілік сотына тапсырылды. Сот шешімі бойынша барлығы 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеулері керек.

Діни мекемелердің жұмысы қашанда заңмен қадағаланады.  

 

Әспет Әбдірешова