Билік

Облыс әкімінің Петропавл бойынша жұмыс сапары

 

 

Өңір жетекшісі Самат Ескендіров жұмыс сапарын коммуналдық базардан бастады. Сауда орнында облыс әкімі сөрелерге жайылған тауарлардың бағасын байқап көрді. Бүгінде мұнда азық-түлік тұрақтандыру қорының екі нүктесі ашылыпты. Ондағы жұмыртқа мен көкөністер базардағыдан әлдеқайда төмен бағамен саудаланады.
Кейін Самат Ескендіров М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды аралап,  материалдық-техникалық базасымен танысты. № 9-шы корпуста ертеректе “Ивушка” балабақшасы орналасыпты. Қазір мұнда саз-педагогикалық факультеттің 400 студенті білім нәрінен сусындауда. Сондай-ақ аймақ басшысына болашақта ашылуы жоспарланған шағын орталықтың орны да көрсетілді. Университеттің асханасы да өңір жетекшісінің назарынан тыс қалмады. Бұдан соң Самат Ескендіров құрылыс нысандарының басында болды. Набережное көшесінің бойында бірнеше 3 қабатты тұрғын үй бой көтереді деп межеленген. Сондай-ақ осы арадан жеке баспана тұрғызуға жер берілмек. Облыс әкімі атқарылатын жұмыс жоспарымен танысты. Юбилейная, 9 в мекенжайында салынып жатқан көпқабатты үйде де тындырылған істерді байқады. Жамбыл, 234 мекенжайындағы баспана иелері ” Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының көмегіне жүгініпті. Ескі үйдің әбден тозған шатыры ақпанның соңына дейін жаңартылатын болады.

 Галина Айтикеева:

Біздің үйдің төбесінен ылғи су ағатын, бесінші қабаттағылар қиындық көрді. Біз өз күшімізбен мұндайды жасай алмас едік.

Сондай-ақ облыс әкімі өндірістік аймақтағы сыйымдылығы 120 мың тонна болатын элеваторға ат басын бұрды. Жоба құны 7 млрд. тенге. Нан қоймасын салуға 80 адам тартылыпты. “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасы аясында сыртқы инженерлік желілер өткізіліп алынбақшы. Инфроқұрылымға темір жол тарту да енеді. Нысан жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.
Облыс әкімі “Береке” ықшам ауданында жүріп жатқан құрылыс барысымен де танысты. Былтыр мемлекеттік тапсырыс жоспарына сай 2 бірдей жалдамалы коммуналдық тұрғын үй қаланыпты. Тағы осыншама әлеуметтік баспана дәл іргесінен бой түзеуде. Президенттің зияткерлік мектебі де осы жерде тұрғызылып жатыр.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
-Қала әкімі және өзге басқармалармен бірқатар нысандарды араладық. Мақсат мәселелерді анықтап, проблемаларды шешу.

Жеңіс Ермұқанов