Денсаулық сақтау

Емдеу мекемелері жас мамандармен толығуда

 

 

 

Елбасы жыл сайынғы халыққа жолдауында денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөледі. Бүгінде оқуын аяқтаған болашақ дәрігерлердің бірден жұмысқа орналасып қана қоймай, баспана мәселесін де шешуіне мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, ақ халаттылардың жалақысы да үнемі жоғарылап тұрады. Ал, бұл өз кезегінде дәрігерлерге зор қолдау, сапалы емдеуге серпін берері сөзсіз.
Қалалық 3-ші аурухана өткен жылы 12 жас маманмен толығыпты. Солардың бірі – акушер-гинеколог Әйгерім Есенова. Ол келе салысымен 200 мың көтермеақы алып, биыл жалақысына тағы 35 пайыз қосылған. Алдағы уақытта баспана мәселесі де шешіліп қалуы тиіс. Әйгерім бүгінде аналарды физиялогиялық жолмен босандырып, қажет жағдайда ота да жасайды.

Әйгерім Есенова, №3 қалалық аурухананың акушер-гинекологы:
– Астана қаласында медициналық академияны аяқтаған соң бірден Петропавлға келдім. Жұмысым жауапты әрі қиын. Келгелі бері біраз тәжірибе жинақтадым.

Бүгінде мұнда 760 медицина қызметкері еңбек етеді. Аурухананың бас дәрігері Қабдырахман Сақтағанов халықты сапалы емдеу үшін барлық жағдай бар дейді. Мәселен, жуырда ғана құны 177 млн теңге тұратын заманауи құрылғы әкелініпті. Бұның көмегімен ми, жұлын және өкпені тексеруге болады екен.

Қабдырахман Сақтағанов, № 3 қалалық аурухананың бас дәрігері:
 -Мемлекет көрсеткен материалдық қолдаудың арқасында жағдай түзеліп жатыр. Өңірде соңғы уақытта ана өлімі 3 есеге, балалардыкі 1,5-ға азайды. Ағзаның қан айналымына байланысты және онкологиялық аурулардан көз жұматындардың саны кеміді.

2013 жылы аурухана басшылығы Қарағанды мен Астанадағы медициналық академиялармен жасалынатын үшжақты келісім-шарттың аясында, енді, анестезиолог, паталогоанатом дәрігерлерді жұмысқа қабылдамақ.

 

Гүлбану Ахметова