Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сталинград қорғаушысы

 

Миннигуль әжей Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттаныпты. Ол өрімдей 17 жасында ер-азаматтармен бірге Сталинградты жаудан азат етуге қатысқан. Ардагер биыл 90-ға толып отыр. Жарты жылға созылған қанды шайқастың аяқталғанына көп уақыт өтсе де әлі көз алдымда дейді майдангер.

Миннигуль Кряжевских, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Сталинград түбіндегі шайқас 1942 жылдың шілде айынан басталып, алты айға созылды. Мен майданда радист болдым. Оқтар зулап жатқанда, жағдайды хабарлап отыру оңай болған жоқ. Бірде төбемізден ұшақтар өте шықты. Үстімізге бірнеше бомба тастап жіберген екен. Жараланбасам да, қатты есеңгіреп қалғаным есімде.

Миннигуль әжей Сталинград шайқасынан кейін жаумен Польша жерінде де соғысыпты.Бүгінде Миннигуль Кряжевских қан майданда көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін 20 шақты орден мен медальдің иесі.

Миннигуль Кряжевских, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Жеңісті Чехославкия жерінде қарсы алдым. Жаудың тізе бүккенін естігенде қуанғанымнан жылап алдым. Бұл – 20-шы ғасырдың сұмдық соғысы болды. Енді, мұндай зобалаң қайталанбаса екен деп тілеймін. Ұрпағымыз бақытты өмір сүрсін.

Бүгінде Миннигуль әжейдің 3 баласы бар. Олардан 5 немере мен 3 шөбере сүйіп отыр.

Гүлбану Ахметова