Қоғам

Сот Петропавл әуежайын бір жылға жабу туралы шешім шығарды

 

 

 

Петропавлдың халықаралық әуежайы 39 жыл бұрын салыныпты. Бүгінде көп дүниесі ескірген, өйткені жылдар бойы жөндеу жүргізілмепті. Оған қоса, өртке қарсы қауіпсіздік шаралары сақталмай келген. Бұның бәрі жолаушылардың өміріне қауіп төндіретіні айдай анық.

Денис Шуваев, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы:
2012 жылы жоспарлы түрде тексеріп шықтық. Мұнда өртке қарсы дабыл беру жүйесі жоқ, өрт сөндіруге қажетті құралдармен толық қамтылмаған. Орындалмаған талаптар жетіп артылады. Сол себепті, біз  ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотқа әуежайдың жұмысын тура бір жылға тоқтатуға арыз жаздық.

Сөйтіп, сот әуежайдың жұмысын бір жылға тоқтату туралы шешім шығарды. Әуежай әкімшілігіне ескертулер бұған дейін талай рет айтылыпты. Бірақ, ақшаның жоқтығына байланысты жағдайды түзей алмаған көрінеді.
Әуежайға қатысты мәселе бұнымен бітпейді. Мұнда, сондай-ақ, еңбек ететін 109 қызметкердің жалақысының кешіктірілуі жиі қайталанатын құбылысқа айналған. Ол әуежай кірісінің аздығынан деп түсіндірілуде. Жұмысшылардың бүгінде 3,5 млн теңге жалақысы өндіріліпті, бірақ қайтарылмаған қарыз 10 млн теңгеден асады.

Нұрболат Қатуов, СҚО көлік прокуроры:

Әуежай әкімшілігінің сот шешіміне 15 күннің ішінде шағымдануға құқығы бар. Негізі қойылып отырған талаптар 1 жыл ішінде орындалуы тиіс.

Прокурорлар стратегиялық маңызды нысанның мұндай халге ұшырауына міндеттерін жөнді орындамаған әуежайдың бұрынғы иелері – жеке меншік фирмалар кінәлі деп отыр. Әзірге Петропавлдың халықаралық әуежайы қызметін жалғастыруда .

Әспет Әбдірешова