Қоғам

Петропавл экономикалық сотындағы ашық есік күні

 

 

Өткен жылы № 2 Петропавл қалалық соты 7 мың 708 істі қарапты. 5 мың 125-не қатысты шешім шығарылған. Оған сәйкес 1 млрд 70 млн теңге қаражат өтелуі тиіс.

Нұрия Малдыбаева, № 2 Петропавл қалалық сотының төрайымы:
 Қарастырылған істер бойынша жергілікті бюджетке 57 млн теңге қаржы түсті. Азаматтық істерді қарастыру бойынша әр судьяға 60 материал мен іс бұйырып тұр. Ал орташа облыстық көрсеткіш 33 істі құрайды. Соңғы 2 жылда қарастырылған істер саны қысқарған.

Бұл негізінен коммуналдық төлемдерді қайтару жөніндегі арыз санының азаюына байланысты. Керісінше, өткен жылы БАҚ-дағы адамның ар-намысы, іскерлік беделіне нұқсан келтіруге, жекеменшік құқығы мен еңбек дауына қатысты істердің қатары артты. 8 іс жұмысынан босатылған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арыздары бойынша жүргізіліпті.

Нұрия Малдыбаева, № 2 Петропавл қалалық сотының төрайымы:
Кезектен тыс аттестациядан соң сотқа прокуратура, ТЖД, көші-қон полициясы мен кеден қызметкерлері жүгінді. 8 арыз да қанағаттандырылмады. Судьялар барлық істерді жан-жақты қарастыруға аса ден қояды.

Сот жүйесіне енгізілген жаңалықтардың бірі – сот отырысының күні туралы смс-хабарлама жіберу. Бұл шараның арқасында істерді қарау уақыты үнемделетін көрінеді. Сондай-ақ электрондық қызмет түрлері де белсенді қолданылады. Цифрлық құрал арқылы кез-келген азаматтың сот отырысының уақытын білу, актілердің көшірмесін көру сынды ақпарат алу мүмкіндігі бар. Әр айдың соңғы бейсенбісінде ашық есік күні өткізіледі.

Инеш Шоқақова