Спорт

Каратешілер ел кубогынан бес медаль алып келді

 

 

Сұлтан Ералиннің 3 жылдық тынымсыз жаттығуы зая кетпеді. 5 жасынан шығыс жекпе-жегіне ден қойған жігерлі жас өз салмағында ел деңгейіндегі доданың бас жүлдесін қанжығасына басты. Алтыннан алқа тағыну үшін тотамидегі үш қарсыласын ойсырата жеңіп, тізе бүктірген.

Сұлтан Ералин, жарыс жеңімпазы:
 – Мен үшін үлкен жетістік. Әкем жарысқа бірге барды. Үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Енді, жеңісімді еселеуге тырысамын.

Солтүстікқазақстандық Архат Жайлауов та алғашқы ірі тартысын сәтті өткізді. Өзінің салмағы 24 келі ғана. Оның легінде күш сынасқан қарсыластары кемінде 6 кг ауыр болды. Бұған мойымаған қайсар жерлесіміз ақтық сынға дейін жетіпті.

Архат Жайлауов, жарыс жүлдегері:
8 адамның ішінде үшеуімен кездестім. Оның екеуін ұтып, біреуінен жеңіліп қалдым. Өйткені, Семейден келген қарсыласым менен көбірек шұғылданады.

Еліміздің бірнеше дүркін жеңімпаздары Данияр Қаппасов пен Алмаз Серік қорытынды кумитеде чемпиондық атақтарын сақтай алмай қалды. Жеңіс тұғырынан көрінуге сәл-ақ қалған қос мықты бұл жолы күміс алқаны місе тұтты. Дияс Кенжетаев болса үздік үштікті тұйықтады. Өстіп, өңір намысын абыройлы қорғаған 7 каратешінің 5-уі жүлдеге ілігіпті.

Руслан Сәрсенбаев, СҚО каратэ шинкиокушинкай федерациясының президенті:
 Жарысқа 250 адам қатысты. Семей, Қостанай, Астана, Көкшетау қалаларынан келді. Біз де қатысып қайттық. Үлкен нәтижеге жеттік деп ойлаймыз.

Байрақты додада ерекшеленгендер енді мықтылығын ақпан айында Алматыда өтетін халықаралық ТМД елдерінің кубогында дәлелдейтін болады.

 
Жеңіс Ермұқанов