Денсаулық сақтау

Жарақаттанғандар саны көбейді

 

Руслан Искаков травматолог-дәрігерге үш аптадан  бері қаралып жүр. Ол сол жақ аяғының тізе буынын жарақаттап алған екен.

Руслан Искаков:
– Достарыммен футбол ойнап жүр едік, байқаусызда біреуі аяғымды артынан теуіп қалды. Содан құлап жарақат алдым. Қазір аздап ауырады. Қыздыратын май жағып, бинтпен жылы орап күтініп жүрмін.  

Қыс уақытында осындай абайсыздықтан туындаған жағдайлар жиі кездеседі екен. Дәрігерлер, әсіресе, аяқ-қолын үсік шалған немесе көктайғақта құлап, мертіккен адамдардың саны жаз мезгілімен салыстырғанда 2-2,5 есеге көбейеді деп отыр.

Асхат Қалыбаев, №2 қалалық емхананың хирургі:
Үсік шалудың 4 деңгейі болады. Ең бірінші сатыда ол қызарады, іседі. Сол кезде қармен ысқылауға болады. Қалған сатыларда сұйық ісіну мен қараю болады. Сол кезде ең жақсысы емханаға қаралу. Осы аптада үсік шалған 4 адамды емдедік. Түрлі жарақат алғандар да көп. 30 шақты адам сынық бойынша қаралды.

Сақтықта қорлық жоқ. Осы қағиданы берік ұстанған медицина қызметкерлері қаңтардың 24-і мен ақпанның 4-і аралығында онкүндік өтеді дейді. Осылайша дәрігерлер адамдарды сақ болуға шақырады.

Әспет Әбдірешова