Қоғам

Ұшақ апатында жерлесіміз Қайсар Малғаждаров қаза тапты

 

Қайсар Мағжанұлы мамырдың 3-і 1969 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Совет ауданы Дайындық ауылында туған. Ол 15 жылдан артық кеден органында қызмет етті. 1995 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментіне инспектор болып жұмысқа тұрып, бірінші басшыға дейін көтерілді. Соңғы кездері “Алматы кедендік ресімдеу орталығын” басқарған.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында талайға жол сілтеп, біреуге басшы, біреуге дос болған, адал жар, қамқор әке, Қайсар Мағжанұлы оны танып-білген азаматтардың жүрегінде мәңгі сақталады.

 
 Солтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері Қайсар Малғаждаровты 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Марқұмның бұрынғы әріптестері Қайсар Мағжанұлының жанұясы мен туған-туысқандарына көңіл айтуда.

Қаңтардың 29-ы жерлесіміз Қайсар Мағжанұлы еңбек демалысынан жұмысына бара жатқан еді. Алайда тұманның кесірінен ұшақ құлап, 44 жастағы азаматтың өмірі қиылды. Бүгін СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері бұрынғы әріптесін бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Қайсар Малғаждаровтың артында жары мен 4 баласы қалды. Кенжесі жуырда ғана 3 айға толған. Гүлнұр Бекболатова марұқыммен бірнеше жыл бірге жұмыс жасапты. Ол әріптесін жаны жайсаң, отбасына қамқор азамат еді деп есіне алды.

Гүлнар Бекболатова, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің басқарма бастығы:
– Ол әрқашан анасы, әкесі туралы айтатын. Жолдасын да айтып отыратын. Өте балажан болатын. Балаларының жағдайларын айтып, ренжітсе де бізге айтатын.

Бауыржан Құлжанов марқұмның туысы. Екеуі бір ауылда өсіпті. Сондықтан бұл оқиға оның да жүрегіне жара салды.

Бауыржан Құлжанов, СҚО кеден органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы:
–  1-рет 2003 ж кеденшілердің арасында орден алды «Барыс» деген. Семьяны, әке-шешесін сыйлаған үлкен азамат қой. Еліміздің, ауылымыздың патриоты. Біздің департаментте көп істеді.

Осыдан 1 ай бұрын ғана Оңтүстік Қазақстан облысында құлаған ұшақ 27 шекарашының өмірін қиған еді. Аз уақыт өтпей еліміз тағы қара жамылды. Жерлестеріміз бұндай қайғы енді елімізді торламасын деп тілейді

Айдана Демесінова