Балалар

Қоғамдағы отбасының рөлі

 

Отбасында туындайтын мәселелерді белгілі бір мемлекеттік органның ғана көмегімен шешу мүмкін емес. Сондықтан дөңгелек үстелде денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау сынды органдардың өкілдері бас қосты. Өткен жылы өңірімізде әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың саны 453 болыпты. Ал 700-ден астам жасөспірім құқық қорғау органдарының тізімінде тұр.

Айгүл Мұстафина, СҚО бойынша балалардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары:
– Балалардың өрескел қылықтары отбасында туындайтын жағдайлармен тығыз байланысты. Мұны тәжірибемізден көріп отырмыз. Әлеуметтік, экономикалық , психологиялық көмекке мұқтаж жанұялар тиісті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарға бара алады. Алайда, осылайша, өз мәселелерін ашық айтып, шешуге ниет танытатындар аз.

Департамент жанынан «Отбасы ошағы», «Мейірімділік әлемі» және «Әкелер мектебі» клубтары ашылған. Олардың басты мақсаты – бала асырап алған немесе жалғыз басты ана мен әкелерге қолдау көрсету. Түйіткілді мәселелерін шешуге жәрдемдесу. Алайда өңірімізде отбасын қолдау орталығы жоқ. Дөңгелек үстелге қатысушылар оның қажеттілігі сөзсіз дейді. Жиында балалардың құқығын қорғаудан бастап, дұрыс тамақтануларына дейінгі мәселелер сөз болды.

Гүлнар Сейітова, санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы
 – Біз балалардың мектептерде дұрыс тамақтануын қадағалаймыз. Алайда олар уақытының көп бөлігін үйлерінде өткізеді. Сондықтан ата-аналар да тамақтану мәселесіне бей-жай қарамауы керек.

Өйткені балаларды тамақтану мен оқудан басқа еш мәселе алаңдатпауы тиіс дейді жиынға қатысушылар.

 
Инеш Шоқақова