Қылмыс

Жаяу жүргіншіні қағып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды

 

32 жастағы қала тұрғының азық-түлік дүкеніне серуені қайғылы аяқталды. Қазақстан Конституциясы мен Гоголь көшелерінің қиылысында әйелді автомобиль соғып кеткен. Жәбірленушінің дін аман екенін көргеннен бе, әлі шошығаннан ба жүргізуші оқиға орнынан ізін суытпақ болды. Бұл жол апатының куәгері «Рахат» дүкенінің сатушысы дереу полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Ол машинаның нөмірін есте сақтапты. Ал жапа шегуші болса, көліктің күміс түсті және шетел маркалы болғанын аңғарған.

Жәбірленуші:

Дүкеншіден мені үйіме дейін жеткізіп салуды сұрадым. Ол полицияға хабарласуға көндірді, бұл оқиғаны өзі көргенін айтты.

Оқиға орнына келген жол сақшылары бірден сезіктіні анықтауға кірісті. Ақпарат базасында мұндай нөмірі бар күміс түстес 52 дана көлік тіркеліпті. Іздестіру шаралары нәтижесінде жол оқиғасы болған күні автомобильді иесі емес, оның досы жүргізгені анықталған.

Күдікті:

Басқа досыммен Жұмысшы кентіне бардық. Онда есірткі затын сатып алып, пайдаландық. Кейін көлікке отырып, ары қарай кеттік. Осылайша қызды соғып кеттік. Көмегімізден бас тартты.

Сезікті осындай жол апаты болған жағдайда жәбірленушіге көмек көрсетіп, жол сақшыларына хабарлау керектігін жақсы білген. Алайда жауапкершіліктен қорыққан жігіт қашып кетуді жөн санапты.

Сағат Нұрмолдин, СҚО ІІД ЖПБ іздестіру бөлімінің инспекторы:

-Жол апатына қатысты тұлғаны жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалатын болады. Материал Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жіберіледі.

Бұл оқиға орнынан жасырынудың екінші фактісі екен. Жалпы жыл басынан облысымызда 16 жол-көлік апаты тіркеліпті. Нәтижесінде екі адам көз жұмып, 31-і түрлі дене жарақаттарын алған.

Айдана Демесінова