Білім

Саңырау балалар мектеп-интернатының тарихына арналған кітап

 

Мұрағаттағы деректерде саңырау балаларға арналған мектептің жұмысы 1937 жылдан басталған деп көрсетілген. Нақты тіркелгені 1943 жыл. Алғашында 70-ке тарта шәкірт болса, бүгінде олардың саны 150-ге жеткен. Білім ошағының тарихы тереңде жатыр. 
 
Жангелді Тәжин, саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры:

Леспе ғылымның өзіндік ерекшелігі бар. Бұл білімнің қиын түрлерінің бірі. Себебі саңырау балаларға өмірді түсіндіру өте ауыр. Бүгінде оларға барынша жағдай жасалуда. Компьютерлік әлемде олар өздерін еркін сезінеді. Бір-бірімін хат алысып, әлемдегі жаңалықтардан хабардар болады. Осындай көмек үшін Елбасына айтар алғысымыз шексіз.

Тарихи тағылымы мол жинақта білім ошағының өткені мен бүгінгі деңгейі суреттеледі. Оның бәрі ойдан шығарылған емес, нақты деректер мен дәйектер арқылы көрсетілген. Сегіз бөлімнен тұратын кітаптағы ақпараттың барлығы кезінде осы жерде еңбек еткен, көзі тірі ардагер ұстаздардың аузынан жазылып алыныпты.

Бақытты Есеналин, тарих пәнінің мұғалімі:

Кітап шығаруға көптеген адамдар тартылды. Алғашында мұражай ашқанбыз. Алайда материал көп, оны сыйдыру қиынға түсетін болғандықтан оны жазбаша түрде тарихта қалдыруды жөн санадық.Мұнда жұмыс істеген ұстаздардың арасында соғыс ардагерлері де болған, солардың еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізу болды көзделген мақсат.

70 жылда білім ошағының атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлық. Ол жайында өз ойларын ардагер ұстаздар ортаға салды. Қиын-қыстау кезеңдерде де мектеп жұмысын тоқтатпаған. Бүгінгі жетістіктері тынымсыз еңбектің жемісі.

Евгений Измалков, оқушы:

-Кітаптан мектеп тарихы жайында мол мағлұмат алдық. Өткен мен бүгінді салыстырсақ айырмашылығы жер мен көктей.

Білім ошағының 70 жылдық тарихынан сыр тарқатар естелік кітап әзірге 40 данамен шығарылыпты. Редакциялық алқа мүшелері сұраныс болса, оны көбейтеміз деп отыр.

Самат Есмағи