Бүгінде «Зенченко и К» КС сүт зауыты өнімнің 40-тан астам түрін шығарады екен. Тауар дүкен сөрелеріне түспес бұрын мұнда ауқымды жұмыс атқарылады. Ең алдымен «танктерге» құйылған шикі сүт осы жерде пастерленеді. Қаймақ жасау үшін сүт қаймақ айырғыштан өткізіледі. Кейін дайын өнімдер арнайы ыдыстарға, не полиэтилен қаптамаға құйылады.
Зауыт күн сайын Астана қаласына шамамен 17 тонна тауар жөнелтеді екен. Сондай-ақ өңірдің сұранысын да қанағаттандыратын көрінеді. Қондырғылар жаңа болғандықтан жұмыс сапасы да жоғары. Әрі қызметкерлердің жұмысы да біршама жеңілдеген.
Михаил Спесивцев, «Зенченко и К» КС сүт зауытының қызметкері:
-2 жыл қатарынан мына қондырғыны пайдаланып келеміз. Уақытты үнемдейді, әрі ыңғайлы. Осы уақытқа дейін 9 млн литр сүтті қаптадық. Бұрынғы жабдықтардан әлдеқайда жақсы.
Зауытта тауардың сапасын қадағалайтын арнайы зертхана да бар. Өнім осы жерде күрделі тексерістен өтеді. Ол бірнеше сатыдан тұрады екен.
Юлия Серяцкая, «Зенченко и К» КС сүт зауытының зертхана меңгерушісі:
–Бірінші кезекте зауытқа әкелінетін сүтті микробиологиялық және химиялық көрсеткіштері бойынша тексереміз. Екінші рет техникалық үрдіс кезінде, яғни өнім дайындалып жатқанда қараймыз. Үшінші кезеңде дайын өнімді тексереміз. Майлылығы, сапасы біздің құжаттардағы талаптарға сай болуы керек.
Былтыр кәсіпорын 5 млн 874 мың тонна сүт, 1 млн 240 мың тонна айран, 450 тонна қаймақ, 40 тонна май және 200 тонна ірімшік өндіріпті. Елбасымыз жаңа жолдауында отандық тауардың көлемін арттыру қажеттігін де тілге тиек еткен болатын. Сондықтан «Зенченко и К» КС зауыты биыл өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
Георгий Целых, «Зенченко и К» КС сүт зауытының директоры:
–Президент жолдауында кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтып, қондырғыларын жаңарту керек екендігі айтылған. 1,5 жыл бұрын жаңа сүт зауытын сала бастағанбыз. Көктемде оны іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Жаңа зауыттағы құрылғылардың барлығы Германиядан әкелінген. Сондықтан да өндіріс көлемі 2-3 есеге артық болмақ.
Айдана Демесінова