Билік

Қалалық әкімдікте өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды



 

Қалалық бюджетті толықтырудың басты көзі – салықтың уақтылы төленуін қамтамасыз ету. Сондықтан «өткен жылы кәсіпкерлер және кәсіпорындармен тығыз жұмыс жүргізілді»,- дейді қала әкімі. Машина жасау саласында өңірімізде 7 ірі зауыт жұмыс істеуде. Қиыншылықтарға қарамастан өткен жылы олар 30 млрд теңгедей тапсырыс көлемін сақтап қалыпты. Бұл 3 800 адамның жалақысын уақытында төлеуге мүмкіндік берген.  

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Өткен жылы тұрғындардың өтініштерін жан-жақты қарастырдық. Соның арқасында 1 млрд теңге бюджеттік қаржы қайта нақтыланды. Сондай-ақ қалалық салық комитеті құрылды. Бұл салық жинау үрдісін сапалы жүргізіп, жергілікті атқарушы биліктің салық жинау кезінде туындаған мәселелер бойынша дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік береді.  

Сондай-ақ өткен жылы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамту бағытына да аса көңіл бөлінген. Дегенмен соның өзінде әлі де 8 700 кішкентай петропавлдық балабақша кезегінде тұр. Келесі әлеуметтік мәселенің бірі – тозығы жеткен үйлерді жөндеу. Өткен жылы бұл мақсатқа облыс орталығына 50 млн теңге бөлініп, 47 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталыпты. ТКШ жаңғырту  бағдарламасына 16 компанияның күші жұмылдырылған. БАҚ өкілдерін дер кезінде тапсырылмаған тұрғын үйлердің мәселесі де қызықтырды. Юбилейный көшесіндегі 3 жаңа үйдің 2-уі тұрғындар игілігіне тапсырылса, 1 әлі де қолданысқа берілмей отыр.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Біріншіден, уақытында тапсырған жоқ, екіншіден сапасы төмен болды. Қыркүйек айында тапсырылуы тиіс болатын. Бірақ қолданысқа берілмеді. Сондықтан біз сотқа арыз жолдадық. Соттың шешімі бар. Биыл қаражат бөліп, ол үйді тапсыруға барлық мүмкіншілік бар.

Бензострой кентіндегі жаңа көпқабатты үйдегі пәтер кілттеріне кімдердің ие болатыны да осы аптада шешілмек. Өйткені кезектегі кейбір жерлестеріміздің коммуналдық үй алуға құқығы болмай отыр. Баспасөз мәслихатына арқау болған мәелелер 1 ақпаннан басталатын қала әкімінің тұрғындармен есептік кездесулерінде де сөз болмақ. Жиын облыс орталығының 5 ауданында өтетін болады.

 
Инеш Шоқақова