Бизнес және экономика

Өткен жылы 500-дей адам жаңа мамандық алып шықты

 

 

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде 57 адам даярлау курстарынан өтуде. Алдымен теория, кейін зертханалар мен шеберханаларда алған білімді шыңдау қажет. Дәл қазір трактор мен автомобильдерді жөндеу жөніндегі зертханада «Электрмен қамту» тобының сабақтары өтуде. Ғазиз Құсбеков бұл сұранысқа ие мамандықты меңгеру үшін Ақжар ауданынан келіпті.

Ғазиз Құсбеков, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:
Мамандығымыз өте қызықты. Ай сайын шәкіртақы да төлейді. Болашақта да осы салада жұмысымды жалғастырғым келеді.

Электрмен қамту мамандығымен қатар автокөлікті жөндеу және қызмет көрсету ісін 30 адам меңгеріп жатыр. 3 жыл ішінде олар көліктің әр бөлшегіне дейін танып-білуі тиіс. Бұл үшін білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасы сай.

Жеңіс Әбілмәжін, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры:
Біліктілікті шыңдау курстары – 3 ай, қайта даярлау 1ай  мерзімде жүргізіледі. Және 2 мамандық бойынша 3 жылдық оқу бағдарламасы ұсынылған. Барлығы 57 адам. Біз олардың оқудан соң жұмыспен қамтылуын да қадағаламақпыз.

Өткен жылы облыс бойынша барлығы 496 адам кәсіби білім алған. Оның 342-сі қайта даярлаудан өтсе, 54 жерлесіміз біліктіліктерін шыңдапты.

Зылиха Сейітова, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім бастығы:
Кәсіби білім беру еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жүргізіледі. Бұл негізінен газэлектр дәнекерлеушісі, фельдшер және автомеханиктер. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша өткен жылы республикалық бюджеттен 446 млн 300 мың теңге қаржы бөлінді.

Биыл бұл сома 253 млн теңгені құрайды.

Инеш Шоқақова