Ауыл шаруашылығы

Көктемде себілетін тұқым тексерілуде

 

 

 

Не ексең, соны орасың. Мол өнім жинау үшін өңір диқандары уақытпен дәлелденген бұл заңдылыққа үлкен мән береді. Биыл Мамлют ауданының алқаптарына 22,3 мың тонна дән сіңіру керек. Мәселен, 60 тонна бидайдың егіске жарамдылығын тексеру үшін кемінде 11 жерден үлгі алынады.

 Күлшара Дәулетбаева, “ҚазАгроЭкс” АҚ СҚОФ Мамлют аудандық зертханасының меңгерушісі:
-Алдымен негізгі дақыл қалдықтардан ажыратылады. Кейін арнайы илеуішпен шаң-тозаңнан тазартылады. Содан барып тура мың дәннің салмағын өлшейміз. Іріктелгені 50 грамдық 2 қапшыққа салынады.  

Тұқымның дымқылдығы төмен болғаны аса маңызды. Ылғалдылығы 16 пайыздан асса, көктемгі науқанда пайдаға асыруға жарамсыз деп танылады. Құрғақтылығы арнайы құрылғыда анықталады. 20 минут кептіргенге дейін және кейін таразыға салынып салмақ айырмасы есептеледі. Ортақ талапқа жауап бергенімен шығымдылығы нашар болуы мүмкін. Сараптамада бұл жағы да назарсыз қалмайды.

Күлшара Дәулетбаева,“ҚазАгроЭкс” АҚ СҚОФ Мамлют аудандық зертханасының меңгерушісі:
Үлгілерді үш тәулік бойы 10 градустық температурада өсіреміз. Терможәшікте тағы сонша уақыт ұстап жылулықты +20-ға дейін көтереміз. Егер де 95 пайызы тамыр жайса, тұқым 1-ші сұрыпты. Шығымдылық 92 пайызды құраса, 2-ші сұрыпты. Үшінші класқа кемінде 90 пайызы біркелкі өскені жөн.  

Астық жауы түрлі аурулар мен зиянкестердің бар- жоғы да мұқият тексеріледі. Кезікпесе тұқымның жарамдылығына шүбә келтірілмейтіндігі жөнінде анықтама құжат беріледі. Жалпы өңіріміздің әр ауданында “ҚазАгроЭкс” АҚ зертханалары жұмыс жасайды. Қызметтері тегін. Бұл мақсатқа биыл ел қазынасынан 59 млн теңге бөлініпті. Егуге жоспарланған тұқымның 93 пайызы сараптамаға жіберілген.

Людмила Дайырова, ҚР АШМ СҚО аумақтық инспекциясының бас маманы:
Облыс бойынша 506 мың тонна тұқым зертханаларға жөнелтілді. Оның 49 пайызы толық тексерістен өтті. Нәтижесінде 27% 1-ші, 28% 2-ші сұрыпты. Тек 2,5% үшінші класты. Өзге үлгілері бар талапқа жауап бермеді.  

Арнайы сараптамадан өтпеген тұқымды егуге рұқсат етілмейді. Анықтамасы жоқ дән жерге сіңірілетін болса, ауыл еңбеккері жауапкершілікке тартылып, 5-50 АЕК мөлшерінде айып төлеуге мәжбүрленеді.

Жеңіс Ермұқанов