Классикалық музыка кеші

Мәдениет

13:59 29 Қаңтар 2013

Бұл – Ержан Құлыбаевтың Петропавлдағы алғашқы концерті емес. Өңірімізге ол осыдан екі жыл бұрын келіпті. Жас музыкант – бүгінде Италия, Испания, Греция, Польша мен Франция елдерінің де өнерсүйер қауымына танымал.

Ержан Құлыбаев, скрипкашы, халықаралық байқаулардың лауреаты:
Туған елге келіп, жеткен жетістіктеріммен, жаңа үйренген тәжірибеммен бөліскім келді. Сол мақсатпен еліміздің біраз қалаларында концерт беріп жүрмін.

Бүгінге дейін халықаралық бес ірі байқаудың жүлдегері болып үлгерген Ержан Құлыбаев 2011 жылы Г.Венявский атындағы халықаралық XIV конкурстың лауреаты атанған. Кеш барысында ол атақты музыканттар Астор Пиацолло мен Антонио Вивальдидің жыл мезгілдеріне арналған шығармалар жиынтығын орындады. Тәжірибелі музыкантпен бірге концертке облыстық филармонияның эстрада-симфониялық оркестрінің ұжымы қатысты.

Сергей Имашбаев, облыстық филармонияның эстрада-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижер:
– Ержанмен біз үш жылдан бері өнер көрсетіп келеміз. Бүгін біздің оркестр аспаптарда жақсы ойнады. Осындай музыканттармен өнер көрсетудің арқасында ұжымның да біліктілігі арта түседі.  

Классикалық музыка өнердің шыңы дейді жиылғандар. Керемет шығармаларды нағыз өнер майталманының орындауында тыңдаған жергілікті көрермен кештен ерекше әсер алды.

Концерт өте ұнады. Ержан Құлыбаевтың қатысуымен өткен концертке алғаш рет келуім емес. Сондықтан, бұл жолы да жақсы демалдым. 

Біздің қаламызда мұндай концерт күнде бола бермейді. Тағы концерт болса, міндетті түрде келемін.  

Ержан Құлыбаевтың Қазақстандағы концерті Астана, Алматы, Көкшетау қалаларында жалғасады деп жоспарлануда. Кеш соңында музыкантқа облыс әкімі Самат Ескендіровтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Әспет Әбдірешова