Спорт

Боксшы Азат Илюбаев – ел чемпионы

 

Ел чемпионатында өңір намысын 5 спортшы қорғаса, тек 1-еуі ғана жеңіске жеткен. Ол – былғары қолғап шебері Азат Илюбаев. Қарағандыда өткен республикалық додада Азат шаршы алаңға 60 келі салмақ дәрежесінде шығып, 4 жекпе-жек өткізіпті. Қарсыласының екеуін нокаудқа жықса, қалғандарын ұпай санымен ұтқан. Ол өткен жылы да Аягөздегі осындай жарыста бас жүлдені қанжығасына байлап еді. Оның бокспен айналысып жүргеніне 4 жыл толыпты.

Азат Илюбаев, бокстан ҚР чемпионы:
Бірінші болып шымкенттікпен шықтым. Оны ұпай санымен жеңдім. Дегенмен, жекпе-жек мен үшін ауыр өтті. Қалғандарын тізе бүктіру қиынға соққан жоқ. Жеңісім – тынымсыз дайындығымның арқасында деп ойлаймын. Ендігі көздегенім, әлем чемпионы атану.

Қарағандыда өткен ел чемпионатында республикамыздың барлық өңірінен 180-ге жуық спортшы жиналыпты. Жарысқа 15-16 жас аралығындағы жасөспірімдер 14 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістірген. Бұл – Азаттың қоржынына түскен 13-ші медалі. Алда спортшының жоспары ауқымды. Әзірге ол Шымкент қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына қатыспақ.

Гүлбану Ахметова