Спорт

Волейболдан қала біріншілігі

 

 

Алғашқы ойынның жеңісін дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат пен №43 мектеп құрамалары өз ара сарапқа салды. Соңғылары жылда тігілетін бас жүлденің 9 дүркін иегерлері. Дей тұра қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес. Чемпиондарға бірден төтеп беріп, ойын басынан сәтті қорғанумен қоса, әдемі голдарды жаудыра білді. Өстіп алаңда кімнің үстемдік құрып, мысы басатынын дөп басып айтуға келмеді. Қос қарсылас екі кезең бойы беріспей, бір-біріне волейбол торабынан доп асырар оңтайлы сәттерді туғызбауға тырысып бақты. Ойын тең, кездесудің тағдырын қосымша бөлім шешті. Қорытынды сында намысқа басып, бабына әбден еніп алған №43 мектеп спортшылары 2-1 есебімен үш ұпайды қанжығаға байлады.

Николай Янин, Петропавл қалалық №43 мектеп құрамасының мүшесі:
Алғашқы ойын қашан да ауыр болады. Қарсыластың мүмкіндігін тиісінше бағаламадық. Тәуір өнер көрсетіп басым түсіп кете жаздады. Команда тәжірибелі, дес бермей жинала білдік. Биыл да чемпиондық тұғырдан көрінеміз деген ойдамыз.

Бұған аса мойымаған бәсекелестері де жеңістен дәмелі. Топтық кездесу болғандықтан жарыс жолынан ығысуға әлі ертерек.

Олжас Қайыргелді, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат құрамасының мүшесі:
Өкінетін себеп жоқ. Шеңберлік айналымда алда ойындарымыз бар. Қателіктерімізді түзесек, жеңіске жетуге болады. Жақсы дайындалдық. Ұтуға тырысамыз.

Жарысқа қатысушылар 4 топқа іріктелді. Суырылып шыққандары ақтық кездесулерде бағы мен бабын сынайды.

Андрей Константин, бас төреші:
Жеңіс үшін әрбірі ер мінез бен еңбекқорлығымен танылуда. Шеберліктері де біршама өсіп қалған. Спорт тәртіпке үндеп, шыдамдылыққа шыңдайды. Бұл сабақтарына да тікелей қатысты қасиеттер. Білім жолында өте алғыр болып, берілген тапсырманы табысты орындауға дағдыланады.  

Елбасының көздегені де осы. Президент салауатты өмір салтын ұстанушылардың санын 30 пайызға дейін жеткізіп, бұқаралық спортты дамытуды мақсат етті. Ұлттың саулығы жарқын болашақтың табыс кілті екенін ұйымдастырушылар да жақсы түсінеді.

Жеңіс Ермұқанов