Қоғам

Өңіріміздің үздік имамы анықталды



 

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасына қарайтын барлық имамдар есеп берген болатын. Өңіріміздің Алла үйлерінің жетекшілері атқарған игі істері Қызылжар орталық мешітінде қорытындыланды. Жылды тұйықтаған жиында мұсылман жамиғатқа исламның ақ жолын уағыздау, рухани сауат ашудан бөлек өзге де жасалған сауап істері сараланды. Мәуліт айында қызметтері жан-жақты таразыланған сараптамада өлкеміздің үздік деген іскер имамы таңдалды. Облыстағы заңды тіркелген 64 мешіттің 10-ы Ақжар ауданында орналасқан. Тағы да ауылдықтардың аллаға құлшылық ететін 11 намазханасы бар. Алла үйлерінде 21 молла қызмет етеді. Осыған бас-көз болып жүрген бас имам Азамат Тұрлұбековтың жұмысы өзгелерге үлгі боларлық деп танылды. Сондай-ақ Петропавл қалалық және Уәлиханов ауданы дінбасыларының еңбектері де ерекшеленіп, сыйақы табысталды. Байқау діни қызметкердің жігерін оятып, құлшынысын арттыруды, біліктілігін жетілдіруді мақсат етеді.

Жеңіс Ермұқанов