Білім

Үздік оқытушы

 

 

 

Бұл – Наталья Кольеваның студенттермен өтіп жатқан кезекті сабағы. Оның университетте  дәріс оқып, болашақ мамандарды дайындап жүргеніне 8 жыл болыпты. Үнемі ізденіс үстінде жүретін оқытушы «2012 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленген болатын. Мұндай бағаға тек көп еңбектенудің арқасында жетуге болады дейді Наталья Кольева.

 Наталья Кольева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУақпараттық технологиялар факультетінің оқытушысы:
-Сабақ қызықты әрі түсінікті болу үшін көп іздену керек. Белгілі бір инновациялық әдістерді қолдануға тырысамын. Меніңше ол үшін біздің университетте қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Бұл конкурс оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта 2 монография жазып, өзге елдерге барып тәжірибе жинақтап қайту ойымда бар.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы ел көлемінде 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ден 5 оқытушы үздік атанған. Наталья Кольеваның әріптесі Елена Шевчук та 2007 жылы осы байқау жеңімпазы болған. Мұндай дәрежеге жетудің қаншалықты жоғары талап пен зор еңбекті қажет ететіндігін ол жақсы біледі.

 Елена Шевчук, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ақпараттық технологиялар факультетінің оқытушысы:
– Наталья Станиславовна өте талапшыл және еңбексүйгіш адам. Бұл конкурстың талаптары өте күшті. Қазақстан бойынша оған 200 адам ғана таңдап алынады. Сондықтан да біздің оқу орнымыздың осындай жетістікке ие болғандығы қуантады.  

Наталья Кольева 4 оқулық, 2 монография мен 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Оның информатика пәнінен шығарған оқулықтарын бүгінде Қазақстан мектептерінде қолданады екен. Оқытушыларының жоғары мәртебеге ие болғандығын студенттері де мақтаныш тұтады.

 Динара Шалабаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Наталья Станиславовна бізге 3 курстан бері сабақ береді. Қазір ол кісімен дипломдық жұмыс жазып жатырмын. Наталья Станиславовнаның сабақтары өте қызықты. Сабақта көптеген әдістер қолданады. Осы кісі сияқты оқытушылар көп болса деп тілеймін.

Үздік оқытушы атану үшін өткен жылы еліміздің 97 жоғары оқу орнынан 500-ден астам адам қатысқан. Оның нәтижесі бойынша осы бағаға лайық деген 200-іне мемлекеттік грант берілген. Ал біздің университетімізден мұндай бағаға 2 оқытушы ие болған.

Әспет Әбдірешова