Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлікті дамыту

Былтыр өңірдегі жалпы ішкі өнімі 5,2 пайызға өсіп, 430,9 млрд теңгені құрапты. Оның негізгі бөлігі агроөнеркәсіп және өнеркәсіп кешендеріне тиесілі. Үдемелі индустриялық даму бағдарамасы аясында біршама өміршең жоба жүзеге асты. 

Ольга Цымбалюк, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы:
Өңірімізде индустриализация картасына 42,9 млрд. теңгенің 31 инновациялық жоба енді. Оның 6-уы жүзеге асырылды. Қазір 5 бастаманы іске ендіру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет кәсіпкерлерге қарай қадам басып отыр. Ол мүмкіндікті пайдаланып қаламын деушілердің қатары аз. Мамлют және Уәлиханов аудандарында бір де бір жоба қолға алынған жоқ.

Жалпы Уәлиханов ауданының былтырғы өндіріс көлемі көңіл көншітпейді. Өсім байқалмақ түгіл біршама сатыға төмендеп қалыпты.

Дархан Бейсембин, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:
Бар гәп аудандағы ірі ұн үгу комбинатының өндіріс көлемінің азаюында. Өзге кәсіпорындар жаңа жылға жақсы көрсеткіштермен шықты. 1 ғана комбинат бар ауданның экономикалық көрсеткішін артқа тартып тұр.

Бұл ретте белсенділік танытқан Қызылжар ауданының кәсіпкерлері көш бастап келеді. Ондағы іскерлер инновациялық   6 ірі ұшқыр ойларын аяғына дейін жеткізіпті.

Рүстем Рамазанов, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
Елбасы жасыл экономика саясатын дамытуды тапсырды. Ауданымызда баламалы табиғи энергия көздерін іздеуде біршама алға жылжушылық байқалады. “Зенченко және К” командиттік серіктестігі екі бірдей желмен жұмыс істейтін электр станцияны іске қосты. Сондай-ақ мал шаруашылығына қатысты біршама жоба жұмысын бастап кетті. Биыл елімізде баламасы жоқ ДСП шығаратын зауытты қолданысқа бермекпіз.

“Бизнестің жол картасы -2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында да қызылжарлық кәсіпкерлер алғырлық танытуда. Жаңадан 1224 жаңа жұмыс орны  ашылған. Жалпы облыста 22 мыңнан артық шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 100 мыңға тарта солтүстікқазақстандық еңбек етеді. 8-мыңы былтыр құрылды. Олар 251, 8 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Былтыр Ұлттық бағдарлама аясында 163 кәсіпкер мемлекеттің қолдауына ие болды. Дей тұра шағын кәсіпкерлікті дамыту жағынан өлкеміз 16 аймақтың ішінде 15-ші орында. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов тиісті ведомстволарға ақсап қалған көрсеткіштерді жақсартуды тапсырды.

Жеңіс Ермұқанов

br /