Мәдениет

Фарфор бұйымдар көрмесі



 

Алғашқы фарфор мүсіндері Қытайда пайда болған. Ең әуелі оларды сүйектен, ағаштан, тас және балшықтан жасаса, кейіннен бұл топқа өзге де материалдар қосылған екен. Мәселен, мына ойыншық мүсіндер ең көнелерінің бірі. Бұл көрмеге ол мұражай қызметкерлерінің бірінің үйінен жеткізілген.

Михаил Вервикишкин, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
Көрмедегі ойыншықтар менің әжемдікі. Олардың басым бөлігін атам екеуі саяхаттаған кезде Сочиден сатып алған екен. Кеңес дәуірінде олар кәдесый ретінде көп қолданылған.

Көрмеге әр түрлі тақырыптағы мүсіндер қойылған. «Кейіпкерлер, «Ертегілер», «Балет» деген тақырыптарда топтастырылған мүсіндердің әрқайсысы ерекше бір өнер туындылары. Тарих беттеріне үңілсек, фарфорды «ақ алтын» деп атаған екен, өйткені ол асыл металдар деңгейінде бағаланады.

Татьяна Лайньщикова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының тарихи-экспозициялық бөлімінің сектор меңгерушісі:
Көрмеге 70-ке жуық фарфор мүсіндер мен ыдыстар қойылды. Соның ішінде ең көнелері өткен ғасырдың 20-30 жылдарында жасалған мүсіндер. Көрмедегі мүсіндердің басым бөлігі Ресейдің алғашқы Ленинград-Ломоносов фарфор зауытында жасалған. Сонымен қатар танымал Полонное зауытынан шыққан фарфор мүсіндер көп.  

Фарфор ыдыс түсі ақ, қышқылға төзімді, қатты көзе жалатылған жылтыр әрі жұқа болады. Сапалы фарфор ыдыстары Қазақстанда да жасалады. Солардың бірі 1975 жылы ашылған Көкшетау зауытында шығарылады. Көрмені тамашалауға келгендерді ұлттық нақышта жасалған ыдыстар қызықтырды.

 Илона Ласота:
Мен Польшадан келдім. Мені жергілікті халықтың мәдениеті өте қызықтырады. Ал көрмедегі мүсіндер түрлі кезеңдерден сыр шертеді. Үлкен әсер алдым.  

Көрмеге қойылған мүсіндердің басым бөлігін қала тұрғындары облыстық тарихи-өлкетану мұражайына сыйға тартқан.

Әспет Әбдірешова